Қоғам

Ресейлік нөмірмен жүрген көліктерге шектеу қойыла ма – министрлік түсініктемесі

Бұған дейін түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Алайда министрлік көлік сатып алған қазақстандықтар ортақ ережені сақтамағанын айтты
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 15 қаңтар – Sputnik. Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев шетелік нөмірмен жүрген көліктерді тіркеу тәртібін түсіндірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Еуразиялық экономикалық одақта жаңа жылға дейін Армения мен Қырғызстанның көлікті кеденнен өткізу кезінде жеңілдік болған. Бірақ қазақстандықтар осы жеңілдікті пайдаланып, көлікті шетелде сатып алса да, тіркеуге қоймай жүрді. Енді, ол көліктерді тіркеуге қою үшін Қазақстан аумағынан шығып, 30 күннен кейін қайтадан кіру керек.

"Ондай талап тек Армения мен Қырғызстаннан келген көліктерге ғана қатысты. Ресейлік көліктер жатпайды. Негізі, Қазақстанға кіретін барлық көліктер кеденнен ЕАЭО-ның ортақ тәртібі бойынша өтуі тиіс. Ал Армения мен Қырғызстанға 2020 жылға дейін жеңілдік жасалған. Демек, ондай жеңілдік осы екі елдің азаматтарына берілген болатын. Олар уақытша кіріп, емін-еркін жүруге мүмкіндік алған. Ал қазақстандықтар көлік сатып алса, кедендік тазартуды бірден толығымен жасауға міндетті", - деді Қожаев журналистерге берген сұхбатында.

Тағы оқыңыз: ІІМ шетелдік нөмірмен жүрген көліктерге қатысты қандай өзгеріс болатынын айтты

Оның айтуынша, бұған дейін түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Алайда көлік сатып алған қазақстандықтар ортақ ережені сақтаған жоқ.

"Енді, біз әкімшілендіруді бастап, осы тәртіп бұзушылықтарға қатысты шара қолданатын боламыз. Көлікті толығымен кедендік тазартудан өткізу керек, я болмаса, Қазақстаннан тыс жерге шығару қажет. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекс бойынша бұл ережені сақтамаған жүргізушілердің жауапкершілігі жазылған, көлікті айыппұл тұрағына қоюға дейінгі шаралар бар. Ал көлік иесіне айыппұл салынады. Жаңылмасам, 20 айлық есептік көрсеткіш (53 020 - Sputnik Қазақстан)", - деп атап көрсетті Қожаев.

Айта кетейік, бұған дейін ішкі істер министрлігі шетелдік нөмірі бар көліктердің жол жүру ережесін жиі бұзатыны жайында хабарлаған болатын. Себебі ақпараттық базада көлік иесінің деректері жоқ. Осылайша, өткен жылы осы санаттағы көліктердің қатысуымен 1 854 жол апаты тіркелген. Соның салдарынан 132 адам көз жұмды, 500-ден астамы жарақат алды. Бұдан бөлек, жылдамдықты асыру, жол белгілерін сақтамау сияқты 90 мыңнан астам тәртіп бұзушылықтар болды. Ал айыппұлдардың жалпы сомасы 1,1 миллиард теңгеден асты.