Экономика

Алтыннан да қымбат: Әлемде сирек кездесетін металл бағасы шарықтады

Әлемде ең сирек кездесетін бағалы металл бағасы алтын құнынан бес есе қымбаттады, дейді сарапшылар
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 15 қаңтар – Sputnik. Әлемде ең сирек кездесетін бағалы металл – родий бағасы рекорд жасауда, деп хабарлайды "Вести. Экономика" басылымы.

2020 жылдың басынан бастап родий бағасы 32 процентке өсті. Осылайша, 2008 жылдан бергі максимумға жетті. Қазір бұл металл унциясының құны шамамен 8000 долларды құрайды. Бұл алтыннан бес есе қымбат.

Негізінен автомобиль катализаторларында пайдаланылатын родий бағасы соңғы төрт жылда он екі есе көтерілді. Бұл автокөлік секторы тарапынан сұраныстың ұлғаюына байланысты.

Сарапшылардың пікірінше, 2020 жылы родий унциясының құны он мың долларға дейін жоғарылайды.

Тағы оқыңыз: Бір тонна – 1 доллар: Перуашев "АрселорМиттал Теміртаудың" қулығын әшкереледі

Bloomberg басылымының хабаралуынша, жылдың алғашқы сауда күндері инвесторлар Таяу Шығыста жағдайдың ушығуына байланысты бағалы металдарды белсенді түрде сатып ала бастаған. Әдеттегідей, алтын қымбаттаған, дегенмен әскери іс-қимылдар болмайтыны анық болғаннан кейін алтын қайта арзандаған.

Ең көп родий шығаратын ел – Оңтүстік Африка Республикасы. Ол осы металл түрінің 80 процентін өндіреді. Бұған қоса, бағалы металл Зимбабве, Солтүстік Америка, Ресей мен басқа елдерде шығарылады.