Қоғам

Ақтөбеде 700 мың теңге пара алған басшының ұсталған сәті видеоға түсіп қалды

Сыбайлас жемқорлық қылмысын жасады деп айыпталып отырған басшыға қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 14 қаңтар – Sputnik. Ішкі істер министрлігі қылмыстық атқару жүйесі комитетіне қарасты "Еңбек" республикалық мемлекеттік кәсіпорнының "Еңбек-Ақтөбе" филиалы директорының міндетін атқарушы пара алды деген күдікке ілінді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке сілтеме жасап.

"Еңбек-Ақтөбе" филиалы директорының міндетін атқарушыға қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды.

"Ол Мұғалжар ауданы Қандыағаш қаласындағы саябақты абаттандыруға бюджеттен ақша аудару кезінде жалпы қамқорлығы үшін жеке кәсіпкердің өкілінен 700 мың теңге пара алды деген күдікке ілінді", - делінген хабарламада.

Күдікті кінәсін мойындады. Сондай-ақ, қорғаушысымен бірге келу туралы міндеттеме бергендіктен, процессуалдық ұстау шарасы қолданылған жоқ.

Сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр.

Күдіктінің кінәсі қандай дәрежеде екенін сот анықтайды.