Қоғам

Қазақстандықтардың Германиядағы әрекеті видеоға түсті: желіні шулатқан оқиғаның мән-жайы

Шетелдік тағылымдаманы ұйымдастыруға жауапты болған лауазымды тұлғалар қазіргі уақытта сот төрелігі академиясында қызмет етпейді
Sputnik

АЛМАТЫ, 14 қаңтар — Sputnik. Әлеуметтік желіде үш қыз бен үш жігіттің алкогольдік ішімдік ішіп, билеп жүрген видеосы тарап кетті. Олардың Жоғарғы сот жанындағы сот төрелігі академиясының магистранттары екені анықталды. Германияның Висмар қаласындағы Hochshule Wismar – University of Applies Sciences-те екі апталық тағылымдамаға барған.

Академиядағылар бұл видео туралы білетінін айтты. Оқу ұйымының баспасөз қызметі Sputnik Қазақстан тілшісіне комиссия құрылғанын жеткізді. Ол видеоны тексеретін болады. Магистранттар өткен жылдың қараша айында тағылымдамадан өткен.

"Тексеріс қорытындысы оларға қатысты тәртіптік шара қолдануға негіз болады. Видеодағы ақпарат дәлелденіп, магистранттар академиядан шығарылатын болса, оларды оқытуға жұмсалған қаражат толықтай қайтарылады", - деді сот төрелігі академиясындағылар.

Видеодағы магистранттардың академияға екі жыл бұрын түскені айтылып отыр.

"Олар мемлекеттік органдардың, яғни министрліктер мен ведомстволардың қызметкерлері ", - деді баспасөз қызметі.

Тағы оқыңыз: Жалаңаш жатқан: полиция желіде таралған екі ер адамның видеосы туралы айтты

Сот төрелігі академиясында оқу мен диплом магистранттардың судья қызметіне автоматты түрде түсетінін білдірмейтінін айтты. Олар жоғары сот кеңесінің іріктеуінен өтуі тиіс.

"Егер бұған дейін әрбір төртінші кандидат конкурстан өтсе, өткен жылдан бері іріктеу ережесі қатаңдады. Енді әрбір он екінші үміткер ғана өте алады ", - деді мекемеде.

Шетелдік тағылымдаманы ұйымдастыруға жауапты болған лауазымды тұлғалар қазіргі уақытта мекемеде қызмет етпейді.