Қоғам

ІІМ шетелдік нөмірмен жүрген көліктерге қатысты қандай өзгеріс болатынын айтты

Министрлік қазақстандықтарды шетелдік көліктерді тіркеуге шақырып отыр. Мұндай көліктер Қазақстанда он жұмыс күнінің ішінде тіркелуі тиіс
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 14 қаңтар – Sputnik. Ішкі істер министрлігі қазақстандықтарды шетелдік көліктерді тіркеуге шақырды.

Ведомствоның ақпаратына сәйкес, қазіргі уақытта Армения, Қырғызстан, Беларусь және Ресейде тіркелген 170 мың көлік елге кіргізілген. Армян және қырғыз көліктерінің ЕАЭО ұйымына мүше өзге елдерде қолданылуына қатысты қойылатын талап қатал екені айтылады.

"Армения және Қырғызстанда тіркелген көліктерді 2014 жылдан бастап 2020 жылдың 1 қаңтарына дейін осы елде тұратын азаматтар кедендік баж салығынсыз уақытша Қазақстанға әкеле алады. Ал осы мерзімде Армения мен Қырғызстанда тіркелген көлікті әкеліп, мінетін қазақстандықтар кедендік декларация толтыруы тиіс. Салық төленіп, көлік Қазақстанда тіркелуі керек", - деді ІІМ баспасөз қызметі.

Егер қазақстандық шетелде көлікті өзінің атына түсірсе, бұл көлікті 10 жұмыс күні ішінде Қазақстанда тіркеуі керек екені айтылады.

Тағы оқыңыз: Жүргізушілер неге өзге елдің нөмірін Қазақстанда тіркегісі келмейтінін айтты

Елде арнайы тәртіпке сәйкес тіркелмеген көлікті жүргізгені үшін 10 айлық есептік көрсеткіш (26 510 теңге) көлеміндегі айыппұл қарастырылған. Сондай-ақ, бұзушылық жойылғанға дейін көлік уақытша арнайы аумаққа алынады.