НҰР-СҰЛТАН, 13 қаңтар –Sputnik. Осы жылдың 1 қаңтарынан бастап 2023 жылдың 1 қаңтарына дейін микро және шағын бизнес субъектілері табыс салығынан босатылды, деп хабарлайды ұлтытқ экономика министрлігінің баспасөз қызметі.
"Заңнамаға сәйкес микро бизнес – 15 адамға дейін жұмысшысы бар және жылдық табысы 30 мың АЕК (79 миллион теңге) дейінгі жеке кәсіпкерлер, ал шағын бизнес – 100 адамға дейін жұмысшысы бар және жылдық табысы 300 мың АЕК-ке (795 миллион теңге) дейінгі жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар", - деп түсіндірді министрлік.
Табысқа салынатын салыққа не жатады
- заңды тұлғалар үшін – корпоративтік табыс салығы;
- жеке кәсіпкерлер үшін – жеке табыс салығы;
- шаруа немесе фермер қожалықтары үшін – бірыңғай жер салығы;
- оңайлатылған декларация негізінде арнайы салық режимін жүзеге асыратын кәсіпкерлер үшін – әлеуметтік салық.
"Қалған салықтар мен төлемдер міндеттеме туындаған кезде төленеді", - делінген хабарламада.
Тағы оқыңыз: Жалақы, жәрдемақы және кредит: Қазақстанда 2020 жылдан бастап не өзгереді
Министрлік арнайы салық режимін қолданатын микро және шағын кәсіпкерлік субъектілері салықтан босатылатынын еске салды. Олардың саны – 1,2 миллион. Нәтижесінде бизнес үш жыл ішінде 380 миллиард теңгеден аса ақша үнемдеп, қаражатты өз қызметін дамытуға жұмсай алады.
Кімдер салықтан босатылмайды
- есірткі, психотроптық заттар мен прекурсорлардың айналымымен байланысты қызметті жүзеге асыратындар;
- акцизделетін өнім өндіру және (немесе) көтерме саудада сату;
- астық қабылдау пунктерінде астықты сақтау бойынша қызмет;
- лотерея өткізу;
- ойын бизнесі саласындағы қызмет;
- радиоактивті материалдар айналымына байланысты қызмет;
- банк қызметі (не банк операцияларының жекелеген түрлері) және сақтандыру нарығындағы қызмет (сақтандыру агентінің қызметінен басқа);
- аудиторлық қызмет;
- бағалы қағаздар нарығындағы кәсіби қызмет;
- кредиттік бюролар қызметі;
- күзет қызметі;
- азаматтық және қызметтік қару мен оның патрондарының айналымымен байланысты қызмет;
- жер қойнауын пайдалану саласындағы қызмет, оның ішінде алтын іздеушілер қызметі;
- пайдалы қазбаларды сату, оның ішінде трейдерлер қызметі, көмір, мұнай сату бойынша қызмет;
- бензин, дизель отыны мен мазуттың, мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерін бөлшек саудада сату;
- сыртқы экономикалық қызмет.
Өткен жылдың соңында мемлекет басшысы микро және шағын бизнесті табыс салығынан үш жылға босатуды көздейтін заңға қол қойған еді.