НҰР-СҰЛТАН, 13 қаңтар – Sputnik. Арқалық политехникалық колледж директоры бюджет қаражатын жымқырғаны үшін сотталды, деп хабарлады сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі.
Ресми мәліметке сәйкес, Қостанай облысының сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі облыстық білім басқармасының "Арқалық политехникалық колледжі" КМҚК директоры А.С. Оспановқа қатысты тергеу жүргізді. Ол колледж оқытушыларының еңбекақысына қосымша ставкаларды негізсіз есептеу жолымен бюджет қаржысын жымқырды деген күдікке ілінді.
Тағы оқыңыз: Қазақстан шетелде 30-дан астам жемқорды іздеп жатыр
"Биылғы жылы 6 қаңтарда Арқалық қалалық сотының үкімімен А.С. Оспанов бюджет қаражатын жымқырғаны үшін кінәлі деп танылды. Ол 7 миллион 864 мың 950 теңге сомасында айыппұлға жазаланды және өмір бойы мемлекеттік қызметте лауазымдар атқару құқығынан айырылды", - делінген агенттіктің ресми хабарламасында.