НҰР-СҰЛТАН, 11 қаңтар – Sputnik. Алматы маңындағы ұшақ апатынан зардап шеккен балалардың барлығы ауруханадан шығарылды. Бұл туралы Алматы қаласы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы міндетін атқарушы Тілеухан Әбілдаев мәлімдеді.
Жуырда Балалар шұғыл медициналық жәрдем орталығында жатқан екі бала амбулаторлық емге жіберілді.
Ұшақ апатынан 9 бала түрлі диагнозбен стационарларға жеткізілген болатын. Дәрігерлер екі балаға жоғары технологиялық ота жасады. Операция сәтті өтті.
"Қазір Алматы стационарларында, Алматы көпбейінді клиникалық ауруханасы мен Нұр-Сұлтан қаласында апаттан зардап шеккен 16 ересек адам ем қабылдап жатыр", - деп мәлімдеді басқармадан.
Трагедия болған күні барлығы 52 пациент, соның ішінде 9 бала ауруханаға түскен.
Алматы түбіндегі ұшақ апаты
Нұр-Сұлтанға ұшпақшы болған Fokker-100 жолаушылар ұшағы 27 желтоқсанда таңғы сағат 07.21-де Алматы түбінде апатқа ұшырады. Бортта 98 адам болған, оның ішінде тоғыз бала және бес экипаж мүшесі. Апат салдарынан 12 қазақстандық көз жұмды.
Тағы оқыңыз: Алматы түбіндегі ұшақ апатынан зардап шеккен келіншек мәлімдеме жасады
Алматы түбіндегі ұшақ апатының себептерін зерттеген үкіметтік комиссия өз жұмысының қорытындысын жариялады. Әуе кемесінің апатқа ұшырауына ұшақтың сыртына мұздың қатып қалуы себеп болған. Ұшақ тұрақта екі тәулік тұрған.