НҰР-СҰЛТАН, 10 қаңтар – Sputnik. Түркістан облысының полициясы 3 жастағы балаға зорлық-зомбылық көрсеткен әйелді тапты, деп хабарлайды облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Жантүршігерлік видеоны Айгүл Орынбек есімді желі қолданушысы Facebook-тегі жеке парақшасына жүктеген. Видеодан бүлдіршіннің қолы байланғанын, аузы орамалмен жабылғанын анық көруге болады. Сондай-ақ, үйде адамдардың бір-бірімен ұрсысып жатқаны да естіледі.
Түркістан облысының полиция департаменті оқиға 8 қаңтар күні Сарығаш ауданында болғанын жеткізді. Тәртіп сақшылары балаға зорлық-зомбылық көрсеткен әйелді тапты.
Тағы оқыңыз: Бала күтушілер интернетте лайк жинау үшін сәбиді шокермен азаптаған
"Бұл жайт 8 қаңтарда Сарығаш аудандық полиция бөліміне сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіміне тіркелді. Арызда жергілікті тұрғын бұрынғы азаматтық некедегі әйелі 2017 жылы туған ұлына қысым көрсетті деп шағымданды. Қылмыстық кодекстің 140-бабы ("кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамау") бойынша іс қозғалды", - делінген облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Егер әйелдің кінәсі дәлелденсе, ірі көлемдегі айыппұл төлейді немесе 40 тәулікке дейін қамауға алынуы мүмкін.
Баланың әкесі бұрынғы әйелін ата-ана құқығынан айырып, балаларды өзіне беруін де талап етуі мүмкін. Алайда мұндай шешімді тек сот қабылдайды.