НҰР-СҰЛТАН, 10 қаңтар – Sputnik. Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының жартылай қорғаушысы Георгий Жуков әлеуметтік желідегі жазбасы үшін құрамадан шығарылуы мүмкін, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Футболшы Instagram желісінде польшалық gazetakrakowska басылымына берген сұқбаты жайлы айтып, оқырмандарының сұрағына жауап беріпті. Алайда ол Қазақстанда өнер көрсеткенімен өзін шетелдік ойыншы сияқты сезініпті.
"Қазақстанда болған кезде менімен қарым-қатынас шетелдік (ойыншыға – Sputnik) жасалғандай болды. Қолдау мен құрмет тиісті деңгейде көрсетілген жоқ. Яғни, жергілікті футболшыларға көрсетілгендей. Мен қайта Еуропаға оралдым. Демек, мен бірден патриот болып, мемлекетті насихаттауым қажет пе? Мен "Қайратқа" алғысымды білдіремін. Маған қолдау көрсеткен адамдарға алғысымды айтамын.
Қазақстанда мені шетелдік деп санады. Мұндай жағдайға шыдау өте қиын. Жаттықтырушылар (мен қазір Шпилевский туралы айтып тұрған жоқпын) саған қазақ ретінде, ал қазақтар саған легионер ретінде қарайды. Бұл өте қиын жағдай. Маған оңай болған жоқ. Қазақстандағы қоғам, журналистер, мамандар, комментаторлар тарапынан мойындау болған жоқ. Мен Қазақстанда болмаған сияқтымын", - деп жазды ол.
Тағы оқыңыз: Жанкүйерінің қылығы жұлдыздың ызасына тиді – видео
Қазіргі таңда футболшының Instagram-дағы @Georgyzhukov8 жеке парақшасы өшірулі. Қазақстандық бұқаралық ақпарат құралдары таратқан мәліметке сәйкес, спортшының 21,2 мың оқырманы болған.
Ойыншының желідегі пікіріне қатысты Қазақстан футбол федерациясының бас хатшысы Азамат Айтқожин өз ойын білдірді. Ол оқиғаның мән-жайын анықтауға ниетті.
"Бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде Қазақстан ұлттық құрамасының жартылай қорғаушысы Георгий Жуковтың айтқан сөзі тарады. Футболшымен кездесіп, сөйлесеміз. Тиісті шара қолданамыз. Ұлттық құрамада ойнайтын футболшылар ел намысын абыроймен қорғауы міндет", - деп жазды бас хатшы Қазақстан футбол федерациясының ресми сайтында.
Айта кетейік, алматылық "Қайраттың" 25 жастағы бұрынғы ойыншысы Георгий Жуков бүгінде польшаның "Висла" футбол клубы сапында өнер көрсетеді.