Әлем

БҰҰ жанындағы Иран өкілі: Сулеймани үшін кек алдық, әскери іс-қимыл тоқтайды

Америка Құрама Штаттары басқыншылық әрекеттер жасаған кезде ғана Иран жаңа әскери акциялар ұйымдастырмақ
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 9 қаңтар – Sputnik. Біріккен Ұлттар Ұйымы жанындағы Иранның тұрақты өкілі Маджид Тахт-Раванчи америкалық әскерилер өлтірген генерал Сулеймани үшін өш алынды деп мәлімдеді. Америка Құрама Штаттары басқыншылықты тоқтатса ғана Тегеран әскери іс-қимылды жалғастырудан бас тартпақ.

Бұл туралы Маджид Тахт-Раванчи Дональд Трамптың халыққа үндеуі эфирге шыққаннан кейін мәлім етті. Онда Америка Құрама Штаттарының президенті Иранмен әскери қақтығыс болмайтынын айтты, деп хабарлайды vesti.ru.

БҰҰ жанындағы Иран тұрақты өкілінің айтуынша, Иракта орналасқан америкалық базаларға жасалған зымыран соққысы Касем Сулеймани өлімімен тең келеді. Иран қарулы күштері жаңа соққы жасамайды.

Тағы оқыңыз: Трамп Иранға жаңа санкция салатынын айтты

Десек те, Пентагон мәліметіне сәйкес, америкалық әскерилер әлі жоғары әскери дайындық режимінде отыр.

Америка Құрама Штаттары қорғаныс министрі Марк Эспердің дерегіне сай, америкалық әскери контингент орналасқан Ирактағы "Айн-эль-Асад" базасына Иран әскери күштері он бір зымыран ұшырған. Тағы біреуі Эрбиль әуежайына бағытталған.

Салдарынан техника орналастыруға арналған алаң мен бір тікұшақ зақымданған. Оның айтуынша, зымыран соққысынан зардап шеккендер жоқ.

АҚШ пен Иран қақтығысы

Екінші қаңтарда Бағдад әуежайына бірнеше зымыран соққысы жасалды.

Шабуыл салдарынан Иран Ислам революциясы сақшылары корпусы "Кудс" арнайы бөлімшесінің басшысы, генерал Касем Сулеймани және Ирактың "Аль-Хашд аш-Шааби" шейіт жасағының бірқатар жоғары лауазымды мүшесі қаза тапты.

Шабуыл үшін жауапкершілікті Америка Құрама Штаттары өзіне алды. Иран өз кезегінде генерал Сулеймани өлімі үшін АҚШ-тан кек қайтарамыз деп уәде берді.

Сегізінші қаңтарда Ислам революциясы сақшалыры корпусы Сулеймани өліміне жауап ретінде Ирак аумағында орналасқан Америка Құрама Штаттарының "Айн-аль-Асад" әуе базасы мен Эрбиль әуежайына зымыран соққысын жасады.