НҰР-СҰЛТАН, 8 қаңтар – Sputnik. Имам Хомейни атындағы Тегеран халықаралық әуежайында "техникалық проблемаға" байланысты украиналық ұшақ құлады, деп хабарлайды РИА Новости.
Лайнердің бортында 180 жолаушы болған.
Рейтер агенттігінің мәліметінше, Boeing 737 лайнері апатқа ұшыраған. Ұшақ әуеге көтерілгеннен кейін бірден құлаған.
Тегеран әуежайының өкілі РИА Новости-ге украиналық лайнердің құлағанын растады.
"Flightradar" ұшақтардың қозғалысын бақылайтын қызметтің ақпаратынша, украиналық PS752 рейсі Тегераннан Мәскеу уақытымен 5.42-де ұшып шыққан. Арада екі минут өткен соң, 5.44-те радардан жоғалып кеткен.
Қазақстанда болған ұшақ апаты
Алматы түбінде 27 желтоқсан күні таңғы сағат жетіде Bek Air әуе компаниясының Fokker 100 ұшағы құлады. Әуе кемесі Алматы әуежайынан Нұр-Сұлтанға бет алған.
Ұшақта 93 жолаушы мен 5 экипаж мүшесі болған. Апат 12 адамның өмірін қиды, қаза болғандардың ішінде ұшақ командирі бар.
Ішкі істер министрлігі әуе апатына себеп болған үш жағдайды атады. Олар: экипаж қателігі, техникалық ақау және навигациялық қызмет жұмысы.
Тағы оқыңыз: Bek Air-дің аман қалған жолаушысы ұшақта не болғанын айтып берді
Ұшақтың қара жәшігі Мәскеудегі мемлекетаралық авиация комитетіне тапсырылды. Тергеудің алдын ала қорытындысы 10 қаңтарға дейін жарияланбақ.
Президент тапсырмасымен премьер-министр жетекшілік ететін комиссия құрылды. Тоқаев апаттың себебін анықтап, кінәлілерді қатаң жазалауды тапсырды. 28 желтоқсан елімізде жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды.