НҰР-СҰЛТАН, 8 қаңтар – Sputnik. Қаскелең қаласындағы бес қабатты үйлердің бірінде газ жарылып, бір бала қаза болды, деп хабарлайды төтенше жағдайлар комитетінің баспасөз қызметі.
Бүгін түскі сағат 13:15-те Қаскелеңдегі Төле би көшесінде орналасқан бес қабатты тұрғын үйде газ жарылды.
"Салдарынан пәтердегі бөлмелерді бөліп тұрған қабырға опырылып құлаған, өрт болмаған. 2009 жылы туған бала оқиға орнында мерт болды. 7 адам түрлі дене жарақатын алды. Оның үшеуі бала", - делінген комитеттің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Қалалық өртке қарсы қызмет мамандары газ жарылған үйдің тұрғындарын қауіпсіз жерге көшірген. Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.