Қоғам

Алматы түбіндегі ұшақ апаты: полиция жүкті әйелді құтқарып қалған жігітті марапаттады

Ұшақ апаты кезінде жолаушы Темірлан Қадауов аяғы ауыр әйелге көмектескен. Ол әйелді денесімен жауып, қорғап қалған. Кейін келіншекті сыртқа алып шыққан
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 2 қаңтар – Sputnik. Алматы полициясы құлаған ұшақта жүкті әйелді денесімен жауып қалған 23 жастағы Темірлан Қадауовты марапаттады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бүгін тәртіп сақшылары ұшақ апаты кезінде аяғы ауыр әйелді құтқарған жас жігітті марапаттады.

"Алматы қаласының полиция департаментінде ішкі істер министрінің бұйрығымен 23 жастағы Темірлан Қадауовқа "Төтенше жағдайлардың алдын алуда және жоюда үздік шыққаны үшін" медалі табысталды. Медальді оған Алматы полиция департаментінің басшысы, генерал-майор Серік Күдебаев берді", - делінген хабарламада.

Темірлан Қадауовтың ерлігі туралы Facebook желісінде Әсем Жапишева жазған болатын. Қарапайым қазақстандықтың әрекеті жұрттың жүрегін елжіретті.

Алматы түбіндегі ұшақ апаты: полиция жүкті әйелді құтқарып қалған жігітті марапаттады

Алматы маңындағы ұшақ апаты кезінде жолаушы Темірлан Қадауов қасында отырған жүкті Гүлім Ақышеваға көмектескен. Ұшақ құлаған сәтте әйелді денесімен жауып, қорғап қалған. Кейін келіншекті сыртқа алып шығыпты.

Гүлім Ақышева жүктіліктің бесінші айында болған.

Алматы түбіндегі ұшақ апаты

Ұшақ апаты 27 желтоқсан таңғы сағат жетіде болды. Bek Air әуе компаниясының "Алматы – Нұр-Сұлтан" бағытындағы Fokker 100 ұшағы Алматы маңына құлады.

Ұшақта 93 жолаушы мен 5 экипаж мүшесі болған. Апат 12 адамның өмірін қиды, қаза болғандардың ішінде ұшақ командирі бар. Екінші ұшқыш ауруханада жансақтау бөлімінде жатыр.

Қазір 46 пациент ауруханада, оның тоғызы – бала. Денсаулық сақтау минстрлігі балалардың өміріне ешқандай қауіп төніп тұрмағанын айтты. Тоғыз адамның жағдайы әлі ауыр.

Тағы оқыңыз: Bek Air-дің аман қалған жолаушысы ұшақта не болғанын айтып берді

Ішкі істер министрлігі әуе апатына себеп болған үш жағдайды атады. Олар: экипаж қателігі, техникалық ақау және навигациялық қызмет жұмысы.

Ұшақтың қара жәшігі Мәскеудегі мемлекетаралық авиация комитетіне тапсырылды. Тергеудің алдын ала қорытындысы 10 қаңтарға дейін жарияланбақ.

Президент тапсырмасымен премьер-министр жетекшілік ететін комиссия құрылды. Тоқаев апаттың себебін анықтап, кінәлілерді қатаң жазалауды тапсырды. 28 желтоқсан елімізде жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды.