Әлем

Тірідей жанып кетер еді: 72 жастағы қария мүгедек әйелін өлімнен құтқарды

Жан түршігерлік жол апаты Сингапурде болған екен. Ұлы шетелде демалыста жүргенде қос қарт ірі апатқа түсіпті
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 31 желтоқсан — Sputnik. Сингапур тұрғыны үрейге ерік бермей, тірідей жанып кете жаздаған әйелін өлім аузынан аман алып қалды, деп хабарлайды AsiaOne ақпараттық порталы.

Оқыс оқиға 28 желтоқсан, сенбі күні Сингапурде болған. 72 жастағы зейнеткер Тан Ченг Уитт 68 жастағы арбаға таңылған әйелі Ху Гек Хвамен бірге қызын жұмыстан алып кетуге бара жатқан.

Алайда олардың жолында мотоциклші шыға келген. Жүргізуші мотоцикл тізгініне ие бола алмай, жолдың арғы бетіне қарай кеткен.

Тағы оқыңыз: "Жұрт дүрлігіп, жылады": ұшақта болған кәсіпкер апат кезінде не болғанын айтты

Тан Ченг Уитт жол апатының алдын алу үшін көлік тежегішін жанталаса басқанымен, бұл әрекетінен нәтиже шықпаған. Мотоцикл жанып, қарияның Toyota Rush көлігінің тура жанынан өтіпті.

Көзді ашып-жұмғанша автомобиль қызыл жалынға оранған екен. Алайда 72 жастағы зейнеткер үрейге ерік бермей, тірідей жанып кете жаздаған әйелін көліктен алып шығып, қауіпсіз жерге апарған.

Тағы оқыңыз: Алматыдағы алапат өрт: дүкен тып-типыл жанып кетті – фото

Тан Ченг Уитке куәгерлер де көмектесіпті. Апаттан қария да, оның әйелі де зардап шеккен жоқ.

Оқиға орнына шұғыл жеткен полиция мен өрт сөндірушілер өртті сөндірген. Ал 23 жастағы мотоциклші жеңіл жарақат алыпты. Ол ауруханаға жеткізілді.

Келесі күні Ху Гек Хва жол апатының қалай болғанын айтып берді.

"Мен апат болған кезде қатты қорқып кеттім. Денемді қозғалта алмай қалдым. Мұндайды бірінші рет көріп тұрмын. Өмірімді құтқаруға атсалысқан адамдарға алғысымды білдіремін", - деді ол.

Кейін Toyota Rush көлігі Тан Ченг Уиттің 38 жастағы ұлы Деррик Танға тиесілі екені белгілі болды. Ол жол апаты болған кезде Таиландта демалыста жүріпті.

Деррик Танның айтуынша, апаттан көлікке қатты зақым келген. Сондықтан оған жаңа автомобиль сатып алуға тура келеді.

Ал полиция қазір оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр.