НҰР-СҰЛТАН, 31 желтоқсан – Sputnik, Дәурен Ерболат. 2020 жыл Қазақстан мен әлем үшін жарқын сәттерге толы болмақ. Себебі, алдағы уақытта қазақстандықтарды ірі саяси және маңызды спорттық шаралар күтіп түр. Толығырақ Sputnik Қазақстан шолуынан оқыңыз.
Токио Олимпиадасы
2020 жылы 24 шілде мен 9 тамыз аралығында Жапонияның астанасы Токиода жазғы XXXII Олимпиада ойындары өтеді.
Маңызды спорттық шараны ұйымдастырушылардың айтуынша, 4 жылда бір рет өтетін дүбірлі дода жоғары деңгейде ұйымдастырылады, онда соңғы үлгідегі инновациялық технологиялар пайдаланылады.
Сондай-ақ, Токио Олимпиадасының бағдарламасына жаңа 5 спорт түрі енеді. Олар – бейсбол/софтбол, карате, серфинг, құзға шығу және скейтбординг. Жалпы, жазғы XXXII Олимпиадасында 33 спорт түрінен 339 медаль жиынтығы сарапқа салынады.
Бүгінде Қазақстан құрамасының еншісінде 13 спорт түрінен 28 лицензия бар. Дүбірлі додаға жолдама алған спортшылар: Георгий Шейко (жеңіл атлетика), Ольга Рыпакова (жеңіл атлетика), Евгений Гидич (велоспорт), Виталий Худяков (жүзу), Дмитрий Баландин (2 лицензия, жүзу), Санжар Мұсаев, Денис Ганькин, Ильфат Абдуллин (садақ ату, жеке және командалық есептегі лицензия).
Expo-2020 көрмесі
Алдағы жылдың 20 қазаны мен 10 сәуірі аралығында Дубай қаласында халықаралық Expo-2020 көрмесі өтеді.
2020 жылы да XIII Астана экономикалық форумы аясында түрлі тақырыптағы панельдік сессиялар, дөңгелек үстелдер, конференциялар, бизнес-диалогтар өтеді. Қазіргі таңда форум қай уақытта өтетіні нақтыланған жоқ.