НҰР-СҰЛТАН, 31 желтоқсан — Sputnik, Дәурен Ерболат. 2019 жылдың аяқталуына санаулы сағаттар қалды. Тарих қойнауына енетін доңыз жылы қуанышты жаңалықтарға кенде болған жоқ. Бірақ ақ пен қара алмасқан бұл өмірде жанға батар жағдайлардың болатыны заңдылық. Жыл бойы елді дүрліктірген оқиғаларды Sputnik Қазақстан материалынан оқыңыз.
"Древний Римдегі" адам өлімі
31 желтоқсаннан 1 қаңтарға қараған түні Қарағандыдағы "Древний Рим" мейрамханасында төбелес болып, пышақ жарақаты салдарынан 23-жастағы Рақымжан Жансейіт көз жұмды.
Оқыс оқиға қоғамда қызу талқыланды. Себебі, әлеуметтік желілерде "төбелеске армян диаспорасының өкілдері қатысты" деген ақпараттар тарады. Сондай-ақ күдікті Нарек Гурурян оқиға орнынан ізін суытып үлгерген. Алайда Қазақстан мен Армения билігі бұл жағдайды "тұрмыстық кикілжің" деп бағалап, оны "ұлтаралық қақтығыс" деп сипаттамауға шақырды.
Сол кездегі Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов қаза тапқан жас жігіттің ата-анасымен кездесіп, тергеу ашық жүргізілетінін айтты. Сонымен қатар өңір басшысы қаладағы полиция департаментінің алдына жиналған тұрғындарға бұл қылмыс бас прокурордың жеке бақылауына алынғанын жеткізіп, оларды сабырға шақырды.
Кейін Қарағанды облысындағы армян диаспорасы қайғылы жағдай қатысты мәлімдеме де жасады. Олар қаза тапқан жас жігіттің отбасынан кешірім сұрап, қылмысқа қатысы бар күдіктілер ұлтына қарамастан заң аясында жазасын алу қажеттігін айтты.
9 қаңтарда ресейлік полицейлер Нарек Гурурянды Омбы облысында қолға түсірді. Жалпы "Древний Рим" мейрамханасындағы төбелеске қатысы бар деген күдікпен 12 адам ұсталды.
Осы жылдың қыркүйегінде бұл оқиғаға қатысты сот процесі басталды. Ал қараша айында күдіктілерге сот үкімі шықты. Мамандандырылған тергеу сотының судьясы Шәріп Сисембаев материалдарды зерттей келе, төбелескендердің барлығының кінәсі дәлелденгенін атап өтті.
Рақымжан Жансейітті ұрып-соққан бес адам үш жылға бас бостандығынан айырылды. Олардың бірі ешқайда кетпеу туралы қолхат жазғанымен отырысқа келмеді, айыпталушының қорғаушысы оның Қарағандыдан кеткенін жеткізді. Ал Рақымжан Жансейітті өлтірді деп айыпталған Юсиф Нурулу қылмыстық кодекстің 293-бабы бойынша төрт жылға, ал 99-бабы ("Адам өлтіру") бойынша 15 жылға сотталды. Енді ол 19 жыл жазасын қатаң режимдегі колонияда өтейді. Ал екі күдікті сот залынан босатылды. Олар жәбірленушілермен татуласып, айыптарын жуып-шайған.
Тағы оқыңыз: Айтуға қорыққан: Қызына айуандық жасаған Қарағанды тұрғыны жазасын алды
Сондай-ақ қылмыстық кодекстің 293-бабының 3-тармағы, яғни "Қару қолдану немесе қолдану талпынысы арқылы жасалған бұзақылық" бойынша айыпталған төрт азамат шартты мерзімге сотталып, пробациялық бақылауға алынды.
Сот процесі барысында судья бейнетаспадан 14-ші айыпталушы Нарек Гурурянның қолында пышақ болғанын көруге болатынын айтты. Күдікті Ресейден экстрадициялануы тиіс, ол Жоғарғы сотқа өзін Қазақстан билігіне бермеу туралы бірнеше рет өтініш те жазыпты.
Нұр-Сұлтандағы бес қыздың өлімі
2019 жылдың ақпанында елордадағы бес қыздың өлімі жұрттың қабырғасын қайыстырды.
Жантүршігерлік оқиға Көктал-1 тұрғын үй алабындағы Шынғыстау көшесінде орналасқан "времянкада" болған. Мұнда 3 ақпаннан 4-іне қараған түні өрт шығып, үйдің төбесі құлаған. Оқиға орнына шұғыл жеткен құтқарушылар өртті бір сағаттан соң өшірген. Кейін олар "времянкадан" 2006, 2008, 2013, 2015 және 2018 жылы туған бес қыздың өлі денесін тапты. Балалардың ата-анасы түнгі уақытта жұмыста болған.
Сол кездегі елордада әкімі Бақыт Сұлтанов құзырлы органдарға оқиғаның мән-жайын анықтауға тапсырма берді. Ал маусым айында елорданың полиция департаменті бес қыздың өліміне қатысты қылмыстық істі тоқтатты.
Балалалардың өлімі қоғамда қызу талқыға түсті. Қыздардың ата-атасына Қазақстанның бұрынғы президенті Нұр-Сұлтан Назарбаев көңіл айтты. Қайғылы оқиғадан соң республикада балалардың құқығын қорғау жөнінде кеңес құрылды. Сондай-ақ көпбалалы аналарға мемлекеттік қолдау аясы кеңейе түсті.
"Тұлпар-Тальгода" әйел зорлап кетті
2018 жылы "Астана-Ақтөбе" пойызында жолаушы әйелдің зорлануы қазақстандықтардың жағасын ұстатқан болатын. Ал 2019 жылдың басында полиция екі жолсеріктің үстінен қылмыстық іс қозғады.
Осы жылдың шілдесінде сот күдіктілерді 2,5 жылға бас бостандығынан айыруға үкім шығарды. Алайда қазақстандықтар бұл жаза тым жеңіл екенін айтып, соттың үкімін қатаңдату қажеттігін айтты.
Нәтижесінде бұрынғы сот үкімінің күші жойылды. Ал жақында Қостанай облыстық соты күдіктілердің жазасын қатаңдатты. Енді олар 5 жыл өмірін қауіпсіздігі орташа деңгейдегі түрмеде жазасын өтейді.
Ал 2019 жылдың тамыз айында жолсеріктерден зәбір көрген әйел халықтың алдына алғаш рет шықты. Аты-жөнін айтуды жөн көрмеген әйел журналистерге басынан өткен қорқынышты жайтты өзі айтып берді. Ол күдіктілердің ата-анасы оған сес көрсетіп, отбасына қысым жасағанын жеткізді. Бұл қиындықтарға қарамастан әйел полицияға арыз жазып, кінәлі адамдардың жазаланғанын қалаған.
Құрылысы ұзаққа созылған LRT
Нұр-Сұлтанда жеңіл рельсті LRT көлігінің құрылысы ұзаққа созылды. 2019 жылы кеңейтілген үкімет отырысында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бұл жобаны сынға алды. Оның пікірінше, LRT құрылысы барысында мамандардың пікірі ескерілмеген.
"Өзін ақтамайтын жобаға субсидия бөлініп, мемлекетке салмақ түсіру қаупі бар", - деген болатын мемлекет басшысы.
Бірақ үкімет түрлі сын-пікірлерге қарамастан LRT жобасын аяқтайтын болды. 2020 жылдың соңында LRT пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр.
2019 жылдың қазан айында президенттің тапсырмасы негізінде Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің бұрынғы қызметкерлерінің жұмысы тексерілетін болды. Кейін лауазымды қызмет атқарған 10 басшыға шетелге шығуға тыйым салынды.
Сондай-ақ құзырлы орган қызметкерлері LRT-ға бөлінген қаражатты жымқырды деген күдікпен қалалық мәслихаттың хатшысын қамауға алды. Бүгінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі құрылысты салу барысында миллиардтаған теңгенің ұрланғанын анықтады. Бұл қылмысқа әкімдіктің, "Астана LRT" компаниясының жоғары лауазымды басшылары мен жеке компания директорларының қатысы бары белгілі болды. Қазіргі таңда бұл іске қатысты тергеу әлі аяқталған жоқ.
Тараздағы сұмдық
18 қараша күні Тараз қаласында он екі жастағы оқушы қыздың мектеп әжетханасында зорлануы жұрттың жағасын ұстатты. Жантүршігерлік қылмысты жасаған педофил бейнебақылау камераларының таспасына түсіп қалыпты. Кейін мектептің дәретханасы дұрыс жұмыс істемегені және мектеп аумағында жүрген бөтен адамға ешкім назар аудармағаны белгілі болды. Ата-аналар бұл үшін мектеп басшылығын жазалауды талап етті.
Тағы оқыңыз: Оқушы қыздың зорлануына қатысты тың деректер шықты
Кейін облыстық білім басқармасының жетекшісі, мектеп директоры мен сабақ кезінде дәретханаға жіберген мұғалім, кезекші мұғалім, вахтер мен оқу ісінің меңгерушісі қызметінен кетті.
Сондай-ақ ұсталған адамның бұрын ұрлық үшін істі болған 38 жастағы тұрғын екені анықталды.
Осы жағдайдан соң, Қазақстанның білім және ғылым министрлігі мектеп сыртындағы әжетханаларды жоя бастады.
Арыстағы жарылыс
24 маусым сағат 10 кезінде Түркістан облысы Арыс қаласындағы әскери бөлімнің оқ-дәрі қоймасында жойқын жарылыс болды. Қала тұрғындары Шымкент пен көршілес аудандарға шұғыл көшірілді.
Төтенше жағдай салдарынан төрт адам қаза тапты: екі әскери қызметкер, бір жергілікті тұрғын және бір бала. Жарылыстан зардап шеккен бала санавиациямен Нұр-Сұлтан қаласына жеткізілген болатын. Алайда дәрігерлер оның өміріне араша түсе алмады.
Жарылыстан кейін төртінші күні арыстықтар үйлеріне оралды.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың өкімімен Арыстағы жарылысқа жол бергені үшін лауазымды тұлғаларға қатаң сөгіс жарияланып, кейбірі жылы орындарын босатты.
Нақтырақ айтсақ, Тоқаевтың өкімімен бұрынғы қорғаныс министрі Сәкен Жасұзақов Қазақстан Республикасының Қарулы күштері жүйесінен шығарылды, ал қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаевқа, қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – Қазақстан Қарулы күштері бас штабының бастығы Мұрат Бектановқа, қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – Қазақстан Қарулы күштері бас штабының бастығы болып қызмет атқарған Мұрат Майкеевке, қорғаныс министрінің орынбасары болып қызмет атқарған Талғат Жанжүменовке қатаң сөгіс жарияланды.
Төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы Владимир Беккердің айтуынша, Арыстағы жарылыстан мемлекетке шамамен 20 миллард теңге көлемінде шығын келген.
Атыраудағы сәби өлімі
2019 жылдың қазан айында Атырау облысында перинаталдық орталық басшысы мен дәрігер жаңа туған нәрестені тоңазытқыш камерасына салып өлтірді деген күдікке ілінді. Бұл жағдай туралы перзентхана басшысына қатысты басқа қылмыстық істі тергеу барысында анықталған.
Кейін мұздатқышқа салып өлтірген сәбидің әжесі Алтынғаным Ілиясова кінәлілерді толық жазалауды талап етіп, қайғылы оқиғаның қалай болғанын айтып берді. Оның пікірінше, толғағы ерте келгенін біле тұра, дәрігерлер келініне дұрыс қарамаған.
"Өкініштісі, сол жерден неге босанатын залға апармаған?! Келінім патология бөлімінде төсектің үстінде жеңілдеп қалған. Сол жердегі акушер ма, санитар ма, кім алып кеткенін білмеймін, баланы алып кетіп қалған", - деді Ілиясова журналистерге берген сұқбатында.
Күнінен бұрын дүниеге келіп, көз жұмған баланың салмағы бар-жоғы – 810 грамм болыпты. Алғашында өздерін "көрер жарығы болмаса керек" деп жұбатқанымен, мұның бәрі дәрігерлердің ісі екенін естігенде абдырап қалған. Құсадан қан жұтқан отбасы шақалақтың мәйітін алып арулап жерлеген.
Кейін жемқорлыққа қарсы агенттік өкілдері тағы бір сұмдықтың бетін ашқан. Агенттік қызметкерлері жемқорлыққа қатысты күдікке ілінген Қуаныш Нысанбаевтың телефонын тыңдау кезінде баланың көзін жою туралы бұйрығын естіп қалған.
"Біз әңгімені естіген бойда сәбиді құтқарып қалу үшін шұғыл жеттік, бірақ үлгермедік. Перинаталдық орталық қызметкерлері ұзақ уақыт бойы есікті ашпады. Ал Қуаныш Нысанбаевты сағаттап іздеп, қаладағы сауналардың бірінен ұстадық. Тергеу жұмыстарынан кейін сәбилердің жаппай өлімінің нақты себебі белгілі болады деп отырмыз", - деді Атырау облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басшысы Нығметжан Сапаров.
Биыл орталықта 45 мың сәби дүниеге келсе, оның 442-сі өлі туған, ал 432-сі жарық дүниені көре салып шетінеген.
Алматы маңындағы ұшақ апаты
Жылдың соңында бүкіл елді дүрліктірген тағы бір оқиға болды - 27 желтоқсан таңертең Bek Air әуе компаниясының "Алматы – Нұр-Сұлтан" бағытындағы Fokker 100 ұшағы Алматы түбінде апатқа ұшырады. Ұшақта 93 жолаушы мен 5 экипаж мүшесі болған. Апат 12 адамның өмірін қиды, қаза болғандардың ішінде ұшақ командирі бар. Екінші ұшқыш қазір ауруханада жатыр.
Президентің тапсырмасымен премьер-министр жетекшілік ететін комиссия құрылды. Тоқаев апаттың себебін анықтап, кінәлілерді қатаң жазалауды тапсырды.
28 желтоқсан елімізде жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды.
Ішкі істер министрлігі әуе апатына себеп болған үш жағдайды атады. Олар: экипаждың қателігі, техникалық ақау және навигациялық қызметтің жұмысы.
Әуе ұшағының қара жәшігі Мәскеудегі Мемлекетаралық авиация комитетіне тапсырылды. Тергеудің алдын ала қорытындысы 10 қаңтарға дейін жарияланбақ.
Қазақстан үкіметі қаза болғандардың отбасына 4 миллион теңгеден төлеу туралы шешім қабылдады. Бұдан бөлек ұшақ апатынан зардап шеккендерге Bek Air атынан "Amanat" сақтандыру компаниясы өтемақы төлейді. Қаза болған жолаушы үшін 13 255 000 теңге мөлшерінде өтемақы қарастырылған.
Тағы оқыңыз: Жұмадағы трагедия: Алматы түбіндегі ұшақ апатының хронологиясы