Қоғам

Ұшақ апатынан қаза болғандардың отбасына өтемақы қалай төленеді

Қазақстан үкіметі қаза тапқандардың отбасына төрт миллион теңгеден төлеу туралы шешім қабылдаған еді
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 30 желтоқсан – Sputnik. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Алматыда ұшақ апатынан қаза болғандардың отбасына өтемақыны ең қысқа мерзімде төлейді. Бұл туралы бүгін ведомство басшысы Біржан Нұрымбетов айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Қазақстан үкіметі қаза тапқандардың отбасына төрт миллион теңгеден төлеу туралы шешім қабылдаған еді.

"Министрлік тиісті қаулы әзірледі. Бүгін үкімет мүшелері оған дауыс берді. Енді ақша еңбек министрлігіне түседі. Сосын біз ең қысқа мерзімде оны отбасы мүшесінің есепшотына аударамыз", - деді Нұрымбетов үкімет кулуарында.

Айтуынша, зардап шеккендерге материалдық өтемақы төлеу туралы шешімді Алматы қаласы мен Алматы облысының әкімдіктері қабылдайды. 

"Егер материалдық сипаттағы төлемдер болса, оны Алматы қаласы мен Алматы облысының әкімдіктері шешеді. Үкімет деңгейінде тек көз жұмғандардың отбасыларына өтемақы төлеу туралы шешім қабылданды", - деді министр.

Айта кетсек, ұшақ апаты 27 желтоқсан таңғы сағат жетіде болды. Bek Air әуе компаниясының "Алматы – Нұр-Сұлтан" бағытындағы Fokker 100 ұшағы Алматы маңына құлады.

Тағы оқыңыз: Алматы түбіндегі апат: бортсеріктерден де жауап алынуда 

Ұшақта 93 жолаушы мен 5 экипаж мүшесі болған. Апат 12 адамның өмірін қиды, қайтыс болғандардың ішінде ұшақ командирі бар. Екінші ұшқыш ауруханада жансақтау бөлімінде жатыр.

Қазір 46 пациент ауруханада, оның тоғызы – бала. Денсаулық сақтау минстрлігі балалардың өміріне ешқандай қауіп төніп тұрмағанын айтты. Тоғыз адамның жағдайы әлі ауыр.

Ішкі істер министрлігі әуе апатына себеп болған үш жағдайды атады. Олар: экипаж қателігі, техникалық ақау және навигациялық қызмет жұмысы.

Әуе ұшағының қара жәшігі Мәскеудегі мемлекетаралық авиация комитетіне тапсырылды. Тергеудің алдын ала қорытындысы 10 қаңтарға дейін жарияланбақ.

Президент тапсырмасымен премьер-министр жетекшілік ететін комиссия құрылды. Тоқаев апаттың себебін анықтап, кінәлілерді қатаң жазалауды тапсырды. 28 желтоқсан елімізде жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды.