Оқиға

"Мемлекеттік қызметшілер төбелесті": полиция желіде тараған видеоға түсініктеме берді

"WhatsApp"-та тұрғындар арасында болған төбелестің видеосы тарап жатыр. Тәртіп сақшылары жанжалға мемлекеттік қызметшілер қатыспағанын хабарлады
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 30 желтоқсан – Sputnik. Төбелес Ақтөбе қаласындағы мейрамханалардың бірінде болған, деп хабарлайды Ақтөбе облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Тәртіп сақшылары жанжалдың осыдан төрт күн бұрын болғанын айтады.

"WhatsApp"-та Ақтөбе қаласындағы мейрамхананың бірінде фойеде болған төбелестің видеосы тарап жатыр. Бұл оқиға 25 желтоқсаннан 26-сына қараған түні тіркелді. Төбелес дүкен мен компания жұмысшылары арасында болған. Жанжалға қатысушылар мемлекеттік қызметте жұмыс істемейді", - делінген хабарламада.

Бұл фактіге қатысты Ақтөбенің №1 қалалық полиция бөлімі қылмыстық кодекстің 293-бабы, 3-тармағы - "Бұзақылық" бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады.

"Тәртіп сақшылары төбелеске қатысы бар күдіктілерді ұстады. Бүгінде олар Ақтөбе қаласы полиция департаментінің уақытша тергеу абақтысына қамалды", - деп хабарлады баспасөз қызметі.

Қазір оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.