Видео

Алматыдағы апат: сәбиді құтқарған полицей оқиғаның мән-жайын айтты - видео

Әлеуметті желіде қызу талқыланған суреттің кейіпкері, полиция қызметкері Алматы түбінде болған ұшақ апаты туралы айтып берді
Sputnik

Жақсылық Сұлтанов – Алматы қаласындағы полиция департаменті патурульдік полиция полкінің аға лейтенанты. Ол 26 желтоқсан күні Түрксіб ауданында түнгі 12-де "Буран 292" экипажы қатарында қызметін атқаруға кіріскен. Кезекшілігін 27 желтоқсан таңғы сағат 8-де тапсыруы қажет болған. Бірақ аудандық полиция бөліміне бара жатқанда әріптесі екеуі әуе апаты туралы суық хабар алады. Олар оқиға орнынан бірнеше шақырым жерде болыпты.

"Біз оқиға орнына бара жатқанда не болғанын білген жоқпыз. Ондағы жағдайды көрген соң, есеңгіреп қалдық. Оқиға орнында полицейлер, төтенше жағдай департаментінің қызметкерлері, жедел жәрдем қызметі жұмыс істеп жатты", - дейді патурульдік полиция полкінің аға лейтенанты.

Оның айтуынша, апатқа ұшыраған ұшақтың айналасында заттар шашылып жатқан. Дәрігерлер мен құтқарушылар жолаушыларға ұшақ ішінен шығуға көмектесіп жатады. Осы уақытта шені жоғары қызметкерлердің бірі оған және екі полицейге үйдің айналасын қарап шығуға бұйрық берген.

"Шашылып жатқан жүктердің арасынан мен бір әйелді көріп қалып, жанына бардым. Жағдайын сұрап едім, ол маған жауап берген жоқ. Әйелдің үстінде куртка жатты. Мен оны жоғары көтерген соң, сәби екенін түсіндім. Бала жылап жіберді. Анасы орнынан тұрмақшы болды. Бірақ тұра алған жоқ, аяғы сынған екен. Мен оған қозғалмауға кеңес беріп, баласын жәдел жәрдемге апаратынымды айтым. Ол маған жауап берген жоқ - тек көзін бір жұмып, келісім берді", - дейді полиция қызметкері.

Тағы оқыңыз: Алматы түбінде құлаған ұшақтың командирі туралы ақпарат жарияланды

Жақсылық Сұлтанов ұшақ апатын көрген кезде шошып кеткенін жасырған жоқ.

"Иә, қорқып кеттім. Осы уақытта өзімнің бір жасар қызым бар екені есіме түсті. Батырмын ба? Жоқ. Нағыз батыр - әйел, ол соңында дейін баласын қолына ұстап, бауырына басып жатқан. Осының арқасында сәби аман қалды", - деді ол ағынан жарылып.

Сондай-ақ тәртіп сақшысы әлеуметтік желідегі танымалдылығына қатысты сұраққа қысқа жауап қайырды:

"Мұндайды күткен жоқпын. Бұл жай ғана жұмыс".