АЛМАТЫ, 28 желтоқсан — Sputnik. Алматы маңында құлаған ұшақтағы адамдарды құтқару операциясы кезінде құтқарушылар, полицейлер мен жедел жәрдем дәрігерлері өздері зардап шеге жаздаған. Ұшақ соғылған үйдің төбесі опырылып түскен.
Құтқару операциясына қатысушылардың бірінің айтуынша, ұшақтан жолаушыларды шығарып жатқан кезде кенет гүрс еткен қатты дыбыс шығады.
"Әуелі не болғанын түсінбей қалдық. Тек кейін үйдің төбесі опырылып түскенін білдік",- деді ол.
Төбенің темір бөлігі құтқарушылардан бар болғаны бірнеше метр жерде құлаған. Дегенмен, қауіпке қарамастан адамдарды құтқару операциясы жалғасты.
Алматыдағы ұшақ апаты
Қайғылы оқиға 27 желтоқсан таңертең болды. Bek Air әуе компаниясының "Алматы – Нұр-Сұлтан" бағытындағы Fokker 100 ұшағы құлады. Ұшақта 93 жолаушы мен 5 экипаж мүшесі болған. Апат 12 адамның өмірін қиды, қаза болғандардың ішінде ұшақ командирі бар. Екінші ұшқыш қазір ауруханада жатыр.
Әуелі полиция ұшақтың құлауына себеп болған екі жағдайды алға тартқан еді – техникалық ақаулық немесе ұшқыштың қателігі. Кейін үшінші себеп айтылды - метеорологиялық жағдай.
Президентің тапсырмасымен премьер-министр жетекшілік ететін комиссия құрылды. Тоқаев апаттың себебін анықтап, кінәлілерді қатаң жазалауды тапсырды. 28 желтоқсан елімізде жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды.