НҰР-СҰЛТАН, 28 желтоқсан — Sputnik. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына Алматы маңында болған ұшақ апатына байланысты бірқатар шет мемлекеттер басшыларынан көңіл айту жеделхаттары келіп түсті, деп хабарлайды Ақорда.
Ресей Федерациясының президенті Владимир Путин қайғылы оқиғаға қатысты көңіл айтты.
"Ресей халқы өз туыстары мен жақындарынан айрылған адамдардың қайғыларына ортақтасады және зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуіне тілектестік білдіреді", – делінген жеделхатта.
Түркия Республикасының президенті Режеп Тайип Ердоған Қазақстанда әуе кемесінің апатқа ұшырауы салдарынан адамдардың қаза болғаны және зардап шеккені туралы хабарды зор күйзеліспен қабылдағанын жеткізген.
"Түрік халқының және жеке өзімнің атымнан достас әрі бауырлас Қазақстан халқының қайғысына ортақ екенімізді білдіре отырып, осы оқиға салдарынан қаза болған азаматтардың жақындарына көңіл айтамын. Зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуіне тілектестік білдіремін", – деп атап өткен Түркия президенті өз жеделхатында.
Рим Папасы Франциск те жеделхат жолдады.
"Жақында Алматыда болған ұшақ апаты туралы білгеннен кейін, Аса Қасиетті Папа Франциск осы қайғылы жағдайдың салдарынан зардап шеккендердің барлығына көңіл айтады. Ол қаза болғандардың рухтарының мәңгілік тыныштық табуы және зардап шеккендердің жазылып кетуі үшін дұға етеді. Аса Қасиетті Папа Құдіреті күшті Құдайдан барлық адамдар үшін, әсіресе құтқару, қалпына келтіру жұмыстарына қатысатын адамдарға күш-қуат беруді және бейбітшілік сыйлауды сұрайды" - делінген Ватиканнан келіп түскен жеделхатта.
Мемлекет басшысының және Қазақстан халқының атына өздерінің көңіл айту жеделхаттарын Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев, Қырғыз Республикасының президенті Сооронбай Жээнбеков, Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон, Түрікменстан президенті Гурбангулы Бердымұхамедов, Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев, Беларусь президенті Александр Лукашенко, Украина президенті Владимир Зеленский, Грузия президенті Саломе Зурабишвили, Финляндия президенті Саули Ниинистё, Швейцария Конфедерациясының президенті Ули Маурер, Польша президенті Анджей Дуда, Сербия президенті Александр Вучич және Словакия президенті Зузана Чапутова жолдаған.
Алматыдағы ұшақ апаты
Қайғылы оқиға 27 желтоқсан таңертең болды. Bek Air әуе компаниясының "Алматы – Нұр-Сұлтан" бағытындағы Fokker 100 ұшағы құлады. Ұшақта 93 жолаушы мен 5 экипаж мүшесі болған. Апат 12 адамның өмірін қиды, қаза болғандардың ішінде ұшақ командирі бар. Екінші ұшқыш қазір ауруханада жатыр.
Әуелі полиция ұшақтың құлауына себеп болған екі жағдайды алға тартқан еді – техникалық ақаулық немесе ұшқыштың қателігі. Кейін үшінші себеп айтылды - метеорологиялық жағдай.
Президентің тапсырмасымен премьер-министр жетекшілік ететін комиссия құрылды. Тоқаев апаттың себебін анықтап, кінәлілерді қатаң жазалауды тапсырды. 28 желтоқсан елімізде жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды.