НҰР-СҰЛТАН, 27 желтоқсан – Sputnik. Қазақстанның қоғам қайраткерлері, мәдениет пен өнер майталмандары Алматыдағы ұшақ апатынан қаза болғандардың туған-туыстарына көңіл айтып жатыр, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Я, Раббым! Сенен келдік, Саған қайтарылушыларданбыз. Қаза болғандар мен зардап шеккендерді мейіріміңе бөлей гөр", - деп жазды әнші Сәкен Майғазиев.
Танымал қазақстандық әнші Димаш Құдайберген де өзінің Инстаграмм парақшасында жазба қалдырды.
"Алла сабыр берсін! Бекем болыңыздар... ", - дейді Құдайберген.
Қайрат Нұртас мешіттің суретін салып: "Апат пен ажал айтып келмейді. Жаратқан ием қайтыс болған жандарға жәннәттән орын берсін, аман қалғандарға жеңілдігін берсін, ғұмырын ұзақ қылсын. Қабырғамды қайыстырған жағдай болды. Аллам сабыр бер", - деп жазба қалдырды.
Қарақат қара фонда "ұшақ апатына қаза болғандардың туыстарына қайғыра көңіл айтатынын" жазды.
Бұдан бөлек, апат кезінде қаза болған генерал Рүстем Қайдаровтың суретін салып, ол кісімен таныс болғанын жеткізді. Одан кейін анасының қалай қоңырау шалғанын жазған.
"Дәм-тұзым таусылмапты": Айгүл Иманбаева құлаған ұшаққа билет таппағанын айтты
"Жолдан шаршап келіп, шырт ұйқыда жатыр едім, анамның телефон қоңырауы оятты. "Құлыным-ау, амансың ба? Жолаушылардың ішінде сен де бар ма екен деп жүрегім ұшты. Аман екенсің ғой" деп жылағанда көңілім құлазып сала берді... Кеше өзіміз де кешігіп, әуежайға келген соң рейсіміз де кешігіп, біраз әуре-сарсаңға тап болдық. Ондайда уақыт та өтпей кетеді. Тағы басқа шаруаларымның да қисыны келмей, кешігулер көбейді. Егер Алла тағала сақтаймын десе, осындай көп белгі береді екен-ау", - деп жазды Әбілдина.
Эстрада әншісі Мақпал Жүнісова да жазба қалдырды.
Ал айтыскер ақын Балғынбек Имашев ұзақ сапардан кейін тәубеге қалай келгенін баяндапты.
"Апат айтып келмейді. Ажал да ғайыптан. Кеше Стамбұлдан ұшып келе салып кешкі 23.10-да Шымкентке ұшуым керек еді. Ұшақ әуелі түнгі 1-ге, одан 1.30-ға, одан кейін 2.10-ға, қойшы әйтеуір, сағат түнгі үштің шамасында ұштық. Сол арада неше рет ренжідік, наразы болдық. "Өмірі осылай кешігіп жүреді", "таңертең Шымкенттен де кешігіп ұшқан, "жоспарымыз бұзылды", "әбден шаршатты" деген сияқты сөздер айтылып жатты. Бүгінгі таңертең Алматы әуежайында болған қайғылы оқиғаны естігенде тәубемізге түстік. Кешіксек те аман-есен қонғанымызға шүкір еттік", - деп жазды Имашев өз парақшасында.
Айтыскер қаза тапқан отандастарымыздың отбасына көңіл айтып, апат туралы көп хабар таратпауды сұрады.
"Айтпақшы, бүгін вацаптан да, жаңалықтардан да, әлеуметтік желіде де осы қайғылы хабар қырғын келіп жатыр. Лентамыз түгелдей қирап жатқан авиалайнер мен қайғылы суреттерге толып кетті. Жаманатты тарата бермейікші, жақсылықты бұлай жарыса таратпаймыз ғой. Неге жамандықты жаюға соншалық белсендіміз деп жүректерімізге бір үңіліп қояйықшы. Жақсы сөз - жарым ырыс. Жұма берекелі болсын, еліміз үшін, бір-біріміз үшін дұғада болайық! ", - дейді ол.
Сенатор Дана Нұржігіт пен қоғам белсендісі Мұхат Тайжан да қайғыға ортақ екенін жеткізді.
Орта салмақтағы әлем чемпионы Геннадий Головкин Twitter арқылы көңіл айтты.
Айта кетейік, бұған дейін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қаза болғандардың жақындарына көңіл айтып, кінәлі адамдардың қатаң жазаланатынын жеткізді. Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен сенат төрайымы Дариға Назарабаева да көңіл айту хабарламасын таратты.
Алматыдағы трагедия
Қайғылы оқиға бүгін таңғы жетіде Алматы түбінде болды. Алматы әуежайынан Нұр-Сұлтанға ұшып шыққан Fokker 100 ұшағы көп ұзамай Талғар ауданындағы елді мекенге құлады.
Ұшақ бортында 93 жолаушы, 5 экипаж мүшесі болған.
Полиция әзірге 12 адамның қаза болғанын растады. Көз жұмғандар арасында Informburo.kz ақпарат агенттігінің шығарушы редакторы Дана Круглова бар.