Қоғам

Тоқаев Алматыдағы ұшақ апатынан кейін шұғыл кеңес өткізді

Қазақстан президенті қаза тапқандардың отбасыларына және зардап шеккендерге қаржылай көмек көрсетілетінін айтты
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 27 желтоқсан – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыда болған ұшақ апатына байланысты Ақордада шұғыл кеңес өткізді, деп хабарлады "Хабар 24".

Дәм-тұзым таусылмапты": Айгүл Иманбаева құлаған ұшаққа билет таппағанын айтты 

Жиында қаза болғандардың рухына бір минут үнсіздік жарияланды.

Президент апаттан көз жұмғандардың туыстарына және зардап шеккендерге қаржылай қолдау көрсетілетінін мәлімдеді.

"Құрметті әріптестер! Өздеріңізге мәлім, Алматы маңында ұшақ апаты болды. Қазіргі мағлұмат бойынша 12 адам қаза тапты. Біразы зардап шекті. Қазақстан халқының және өзімнің атымнан қаза тапқандардың жақындарына көңіл айтамын. Бұл мәселемен Үкімет айналысады", - деді Тоқаев.

Алматыдағы трагедия

Қайғылы оқиға бүгін таңғы жетіде Алматы түбінде болды. Алматы әуежайынан Нұр-Сұлтанға ұшып шыққан Fokker 100 ұшағы көп ұзамай Талғар ауданындағы елді мекенге құлады.

Ұшақ бортында 93 жолаушы, 5 экипаж мүшесі болған.

Полиция әзірге 12 адамның қаза болғанын растады. Көз жұмғандар арасында генералдар кеңесінің төрағасы Рүстем Қайдаров пен республикалық интернет-порталдың шығарушы редакторы Дана Круглова бар.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мерт болғандардың жақындарына көңіл айтып, кінәлі адамдар қатаң жазаланатынын жеткізді. Президент 28 желтоқсанды жалпыұлттық аза тұту күні ретінде жариялады.