Өңірлер

Ақтаулықтар қаланың жаңажылдық безендірілу сапасына наразылық білдірді

Ақтаулықтар жергілікті билікті қаланы жаңа жыл мерекесіне безендіруге шамадан тыс ақша жұмсады деп айыптауда
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 26 желтоқсан – Sputnik. Белсенділердің айтуынша, бақандай 37 млн теңге қаржы бөлінгенімен, қала көркінің өзгерген ештеңесі жоқ, деп хабарлайды КТК телеарнасы.

"Осыншама қаржы жаратылды дегенге сену қиын. Қазақстан халқы ассамблеясы жанындағы шыршаны көрдік, ойыншықтары да жоқ. Меніңше, өткен жылғыны қолдана салған сияқты. Былтыр да дәл осындай жағдай болған. Ол кезде де наразылық білдірген едік", - деді Ақтау қаласының тұрғыны Вероника Шведикова.

Шенділер сапаға емес, санға мән берген тәрізді. Үлестірілген қаражатқа биыл Ақтауда үш шырша қойылған.

Оның екеуі төрт жыл бұрын сатып алынған көрінеді. Атқамінерлер шырша ескі болғанымен, есесіне түрлі-түсті шамдардың жаңа екенін айтып мақтанды.

Тағы оқыңыз: Мәскеу орталығындағы шырша Қазақстанның жаңажылдық дәстүрі жайлы "әңгімелейді"

"Оны қаланың ең көрікті жеріндегі талдарға ілдік", - дейді. Онысы облыс және қала әкімдігінің алаңы болса керек.

Себебі тек осы төңірек қана жарқырап тұр. Ал сатып алынған жалғыз шырша жағалауға орнатылды.

Өйткені жаңажылдық мереке осы жерде аталып өтеді. Сондай-ақ, билік өкілдері қаланы безендіруге шамадан тыс қаржы жұмсалды деген "бекер сөз" дейді.

"Жергілікті бюджеттен 37 млн қаражат бөлгенбіз. Конкурс нәтижесімен бізде "Атамекен" деген мекеме 29 млн теңгеге жеңіп алды. Біздің салған бағамыз бір шыршаға 9 млн теңге жобасында болды. Сонымен бірге, қосымша безендіруге жұмсалатын қаражаттар да одан бөлек есептеледі", - деді Ақтау қалалық тұрғын үй - коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысы Қайрат Ақыбаев.