Саясат

Зейнетақы жинағын пайдалану: соңғы шешімді президент қабылдайды

Сапарбаевтың айтуынша, үкімет жанынан құрылған жұмыс тобы зейнетақы жинағын пайдалануға қатысты ұсыныстар әзірлеген
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 25 желтоқсан – Sputnik. Қазақстандықтарға зейнетақы жинағын пайдалануға рұқсат беруге қатысты ұсыныстар жуырда президент  әкімшілігіне енгізіледі. Шешімді президент Қасым-Жомарт Тоқаев қабылдайды. Бұл туралы бүгін үкімет басшысының орынбасары Бердібек Сапарбаев айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Сапарбаевтың айтуынша, үкімет жанынан құрылған жұмыс тобы зейнетақы жинағын пайдалануға қатысты ұсыныстар әзірлеген. Тиісті есептеулер жүргізілген. Әрбір қазақстандықтың есепшотында қанша ақша бары, азаматтардың орташа өмір сүру жасы, бұған қоса, зейнетке шыққаннан кейін, ол адамның шамамен қанша жыл өмір сүретіні ескерілген.

"Біз таяуда ұсыныстарды президент әкімшілігіне береміз. Президент шешім қабылдайды", - деді Сапарбаев үкіметте өткен баспасөз мәслихатында.

Оның ақпаратынша, қазір бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына 10 триллион теңге жиналған, 9 миллион 600 мың салымшысы бар.

"Бір салымшыға есептегенде орта есеппен 1 миллион теңгеден келеді. Біздің есебіміз бойынша, ертең ол азамат зейнетке шыққанда жақсы өмір сүруі үшін  ең кем дегенде 11-12 миллион теңге жинағы болуы тиіс. Біз оның бәрін есептеп қойдық. Мемлекет басшысы қандай шешім қабылдайды, содан кейін біз оны жүзеге асырамыз", - деді ол.

Тағы оқыңыз: Қазақстандықтардың көбі зейнетақысын баспанаға жұмсай алмауы мүмкін 

Айта кетсек, қыркүйек айының басында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев зейнетақы жинақтарын баспана алуға пайдалануға қатысты тапсырма берген болатын.