НҰР-СҰЛТАН, 25 желтоқсан — Sputnik. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Жаңа жылда республикалық телеарналардың эфирінен қазақстандықтарды құттықтамайды.
2020 жылы Қазақстан тұрғындарын жаңа сайланған мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құттықтайды. Ол Жаңа жылда қазақстандықтарға ізгі тілегін білдіріп, жылды қорытындылайды әрі алдағы мақсаттар туралы айтады.
Елбасының алғашқы құттықтауы
Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіздік жылдары ел тұрғындарын Жаңа жыл мерекесімен құттықтап келді. Тіпті, архив материалдарында Елбасының 1990 жылы 31 желтоқсандағы құттықтауының мәтіні бар. Ол кезде Назарбаев Қазақ ССР президенті, Қазақ ССР коммунистік партиясы орталық комитетінің бірінші хатшысы қызметін атқарған.
Ал 1991 жылы 31 желтоқсанда тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш президенті былай деді: "Егеменді елдердің азат етілгеніне бір жыл толды. Сіздер мемлекеттің толық күйреуіне жол бермеу үшін менің қаншама күш-қайрат жұмсап, қандай ымыраға барғанымды білесіздер".
Назарбаевтың соңғы құттықтауы
2018 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандықтарды Жаңа жыл мерекесімен құттықтап, елді дамытуға қосқан үлесі үшін тұрғындарға алғысын білдірді.
Сондай-ақ ол мемлектетте азаматтардың әл-ауқатын көтеру үшін көлемді шаралар қолға алынғанын, сот және құқық қорғау жүйесінде реформа басталғанын атап өткен болатын.
"Елімізді дамытуға қосқан үлестеріңіз үшін әрқайсыңызға алғысымды білдіремін", - деген болатын экс-президент.
Елбасының құттықтауы қайда жазылады?
Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жаңажылдық құттықтауы Ақордадағы резиденциясында жазылған.
Назарбаевтың отставкасы
2019 жылдың 20 наурызында Нұрсұлтан Назарбаев республикалық телеарналардың эфирінен отставкаға кететінін мәлімдеді.
Алайда Назарбаев Елбасы – ұлт көшбасшысы мәртебесін, Қауіпсіздік кеңесінің, Nur Otan партиясының төрағасы, Конституциялық кеңестің мүшесі қызметтерін сақтап қалды.
2019 жылдың маусымында Қазақстанда кезектен тыс өткен президент сайлауында Қасым-Жомарт Тоқаев 70,96% дауыс жинап, жеңіске жетті.