Саясат

"Путиннің дәуірін" қорытындылауға ерте": Назарбаевтың Ресей басшысы жайлы сұқбаты

Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев Владимир Путинмен қалай жұмыс істегенін және араларында болған келіспеушіліктер туралы айтып берді
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 25 желтоқсан – Sputnik. Осыдан жыл 20 жыл бұрын Ресей президенті қызметіне енді кіріскен Владимир Путин Назарбаевты несімен таңғалдырды? Посткеңестік кеңістіктегі екі ірі мемлекеттің лидерлері арасында қандай қарым-қатынас орнады? Ресей президентінің уәдесін алу оңай ма? Қазақстанның тұңғыш президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев РИА Новости басылымына берген сұқбатында осы және басқа да сұрақтарға жауап берді.

- Сіз Владимир Путинмен талай рет жүздестіңіз. Путин Ресейдің бірінші президентінің ізбасары болатынын естіген кезде, сіз үшін қандай әсер қалдырды?

 - Өткен жүзжылдықтың тоқсаныншы жылдары күрделі әрі қарама-қайшылықа толы болды. Дәл осы кезеңде тек Ресейде ғана емес, бүкіл әлемде түбегейлі саяси және экономикалық өзгерістер орын алды. Ескі кеңестік жүйеден нарықтық экономикаға ауысып, қазіргі Ресейдің негізі қаланды.

Бұл дүниенің бәрі талас-тартыс үстінде өтті. Қоғамда жүргізіліп жатқан реформалармен, өзгерістермен көбісі келіспеді. Осы тұста Борис Николаевич Ельциннің еңбегін мойындау керек – ол Ресейді өзгертуге бағытталған  бағдардың дұрыстығына сенді.  

Ресейдің бірінші президенті Борис Ельцин өз жолын жалғастыратын ізбасарды ұзақ таңдады. Ақыры таңдауы Владимир Путинге түсті. ХХI ғасырдың басында Кремльге бұған дейінгі ізашарларының бірде біріне ұқсамайтын жаңа саясаткер келді. Сол кезде әлдекімдердің Ресейде "Путиннің дәуірі" басталды деп айтуы екіталай еді.

Владимир Владимирович Ресей үкіметін басқарғанда, оның асқан білімпаздығы, белсенділігі мен жігері, ең күрделі мәселелерді шешуге дайындығы мені таңғалдырды. Сол кезде, жиырма жыл бұрын, мына жас саясаткер өмірде барлығына дайын, кез келген сын-қатерге қасқайып қарсы тұра алады екен деген әсерде қалдым.

Ресей халқының жолы болды деп ойлаймын. Владимир Владимирович ХХI ғасырдың басында ел тізгінін ұстап, оны ең қиын сынақтардан сүріндірмей алып шықты. Оның басшылығымен Ресей тағы да ұлы державаға айналды.

- Сіз Путинмен Ресей президентінің міндетін атқарған сәттен бері жақсы қарым-қатынаста екеніңізді айттыңыз. Сіздің саясатта тәжірибеңіз болды, ал ол кісіде жоқ еді. Ресей президентіне ақыл-кеңес бердіңіз бе? Сіздің мол саяси тәжірибеңіздің барына қарамастан, Путиннің сөзіне құлақ асқан кезіңіз болды ма?

- "Біреуге ақыл айтқан оңай, бірақ өзің шешім қабылдау қиын" деп айтады ғой. Әсіресе, бұл миллиондаған адамның тағдырына қатысты болса.  Мемлекетті басқару – үлкен жауапкершілік және ауыр жүк, оны кез келген адам көтере алмайды.

Ресей басшылығына келген тұста Владимир Владимировичтің әжептәуір саяси тәжірибесі болғанын атап өткім келеді. Бұған қоса, ол ашық әрі достары мен әріптестерінің пікіріне құлақ асуға дайын болды.

Біз сенімге негізделген қарым-қатынас орнаттық. Біздің әрбір кездесуіміз бекітілген регламенттен, хаттамамен белгіленген уақыттан асып кетеді. Біз мәселелерді жиі талқылаймыз, пікір алмасамыз, кейде дауласамыз, өз позициямыздың дұрыстығын дәлелдеуге тырысамыз. Бұл Еуразиядағы екі ірі мемлекеттің лидерлерінің қалыпты жұмыс барысы. Пікірталастан ақиқат туындайтыны белгілі.

Тағы оқыңыз: Назарбаев Қазақстанның сыртқы саясатының басымдықтарын одан әрі анықтай береді

Осы тұста кез келген саясаткердің қызметіне қатысты ең объективті және әділ бағаны уақыт беретінін атап өткім келеді. Тарихта шарттылыққа жол жоқ. Сол себепті "Путиннің дәуірін" қорытындылауға және ол жайында сөз қозғауға әлі ерте деп ойлаймын.

- Сіз Путин уәдесіне берік адам екенін айттыңыз. 20 жыл ішінде Ресейге тиімді болғандықтан, сөзінде тұрмаған сәттер болды ма? Мұндай қасиет жоғары қызметте пайдасын тигізе ме, жоқ әлде кедергі келтіре ме?

- Путин үшін берген уәдесін орындау – бұл ар-намыс ісі. Бірақ оның уәдесін алу да оңай емес, күш-жігерді талап етеді. Владимир Владимирович нағыз достықтың құнын білетін адам әрі солай болып қала береді.

Өмірден мысал келтірейік. Арам ойлы, өзгеге қас, зұлым, өтірікші адаммен кім дос болғысы келеді? Мұндай адамдардың табылуы екіталай. Достасу тұрмақ, жай ғана араласқысы келетіндер де табылмайды.

Саясаткерлер мен мемлекеттер турасында да дәл осыны айтуға болады. Олар да әртүрлі болады ғой – бейбітсүйгіш және агрессивті, ниеті түзу және арам ойлы, уәдесіне берік және одақтастарын кез келген уақытта сатып кететін.

Қазір Путиннің саясаты өз жемісін беріп жатыр – Ресейдің қуаты мен халықаралық ықпалы жыл сайын күшейіп келеді.

- Осы уақыт аралығында Путинмен үлкен келіспеушіліктер туындады ма? Оның ел мүддесі үшін атқарып жатқан жұмыстарына көңіліңіз тола ма?

- Кез келген саясаткер өз елінің мүддесін білдіріп, оны қорғауы тиіс. Владимир Владимирович – сындарлы саясаткер және тиімді келіссөз жүргізуші.

Алайда қазіргі заманда әлсіз саясаткермен немесе мемлекетпен кім санасады? Әлсіз саясаткер елдің ұлттық мүддесін қорғап қала алмайды. Сондықтан кез келген саясаткердің және патриоттың арманы – өз Отанын көркейту, әлемнің ең дамыған мемлекеттерінің қатарына қосу.

Тағы оқыңыз: 2019 жыл: бір ауыз сөзбен елді шулатқан шенеуніктер кімдер?

Бүгінде бірде бір өзекті халықаралық мәселе Ресейдің пікірін ескермей шешілмейді. Ол әлемдегі жаһандық ықпалдың полюсі. Мұның өзі Ресей мемлекетінің тізгінін ұстаған Владимир Путиннің еңбегін мойындау емес пе?

Халықаралық күн тәртібіндегі көптеген мәселеге қатысты Қазақстан мен Ресейдің позициясы ұқсас. Алайда, соған қарамастан, біздің осы және басқа да проблемаларды шешуде өз көзқарасымыз бар.

Қазақстанда мұны жақсы түсінеді, сол себепті барлық көршімен өзара тиімді ынтымақтастықты сақтау үшін қолдан келген барлық шараны қабылдап жатыр.