Мәдениет

Депутат массагеттердің ғажайып ерлігіне арналған монумент орнатуды ұсынды

Әбдірахмановтың пікірінше, егер Кир массагеттермен шайқаста ажал құшпағанда әлемнің сол замандағы саяси картасы басқаша қалыптасуы мүмкін еді
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 25 желтоқсан – Sputnik. Парламент мәжілісінің депутаты Сауытбек Әбдірахманов парсы патшасы Кир мен массагеттердің шайқасына арналған монумент орнатуды ұсынды. Осыған орай, үкімет басшысы Асқар Маминге депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Оның айтуынша, осы шайқасты әлем тарихын өзгерткен оқиғалардың қатарына қосуға болады. Себебі оған дейін алдыңғы Азияны, Кіші Азияны, Мидияны, Лидия патшалығы, Вавилонияны, Месопатамияны, Сирияны, Палестинаны және Финикияны жаулап үлгерген Кир осы жорықтан кейін Мысырды басып алу соғысын бастап кетпекші болған. Одан кейін Еуропа елдерін бірінен соң бірін бағындыруды көздеген. Ал Кирдің бұл жорыққа шығудағы негізгі мақсаты сақ даласында аңызға айналған мол алтынға қол жеткізу болатын.

"Егер Кир массагеттермен шайқаста ажал құшпағанда әлемнің сол замандағы саяси картасы басқаша қалыптасуы, көптеген халықтың қанқұйлы қолбасшының құлдығына түсуі әбден мүмкін еді. Елдің азаттық жолындағы осы ұлы ерлік төл тарихымызда тиянақты таңбаланып, мектеп оқулықтарына кеңінен енгізілуі керек. Зерттеушілердің еңбектері арқылы әлем тілдерінде насихатталуы тиіс. Ұлы Даламызда осы орасан оқиғаға арналған монумент тұрғызылса да, ешқандай артықтығы жоқ", - деді Әбдірахманов.

Депутат тарих атасы атанған Геродоттың жазбаларын да еске алды. Онда осы шайқас жайында жан-жақты жазылған.

"Ақыры массагеттер жеңеді. Барлық дерлік парсы әскері соғыс даласында қырылды. Кирдің өзі де өлді. Ол толық 29 жыл патшалық құрған. Томирис шарап құятын тері ыдысты адам қанына толтырып, қырылғандардың арасынан Кирдің денесін тауып келуге бұйрық береді. Кирдің өлі денесін тапқанда оның басын ыдысқа тығуды бұйырады. Содан кейін: "Мен сені шайқаста жеңіп, аман қалғаныммен сен мені жеңдің. Себебі айламен баламды құрттың. Сондықтан мен айтқанымдай сені қанға тойдырамын" дейді", - деп атап өтті Әбдірахманов.

"Томиристің" тұсаукесері: қазақ киносының жаңа жұлдызы Альмира кім

Депутат ол оқиға дүниежүзілік тарихқа кіргенін, көптеген көркем шығармаға, сахналық туындыларға арқау болғанын еске салды. Болат Жандарбеков "Томирис" атты хикаясын жазды. Қазақстанда "Томирис" атты фильм түсірілді.

"2020 жылы біздің дәуірімізге дейінгі 530 жылы өткен ол шайқасқа 2 550 жыл толғалы тұр. Ұлы қолбасшы Кирді жер қаптырған шайқастың өткен өңірін шамамен болса да, анықтауды мақсат ететін тиісті ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу жөнінде нақты тапсырма беруіңізді сұраймыз. Маман тарихшыларымыз бір тоқтамға келген жағдайда ол маңайдағы магистральдік жолдың бойында осы жерді мекендеген батыр бабалардың ғажайып ерлігіне арналған монумент қою мәселесін бюджет қаражатының араласуынсыз-ақ шешуге болады деген ойдамыз", - деп түйіндеді Әбдірахманов.