Қоғам

Ішкі істер министрлігі жауапсыз әкелерді бес тәулікке қамауға алуды ұсынды

Борышкерді іздеу қылмыскерлерді іздестіру жолынан өзгеше. Яғни, полицейлер арнайы жедел шараларын өткізіп, оларды ұстай алмайды, дейді вице-министр
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 23 желтоқсан – Sputnik. Ішкі істер министрлігі алимент төлеуден қашқан әкелерді бес тәулікке қамауға алуды ұсынып отыр, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Бүгін мәжілістегі үкімет сағатында жеке сот орындаушылар институтын одан әрі дамыту мәселелері талқыланды. Сұрақ-жауап барысында депутат Гүлнәр Бижанова алимент бойынша берешегі бар әкелерді іздеу мәселесін көтерді.

"Бүгінде полиция бөлімдері алимент төлемейтіндерді өндіріп алушының тұрғылықты мекенжайы бойынша ғана іздейді. 2018 жылы 1864 борышкер әкеге іздеу салынып, оның тек 78-і анықталған, яғни 9 проценті. Қалғандары бойынша іздеу жұмыстары тоқтатылды. Осыған байланысты сұрақ: борышкерлерді іздестіру тетігі неге өзгертілмейді?", - деп сұрады Бижанова. 

Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаевтың айтуынша, іздеу қайда жарияланғанына қарамастан, полиция бөлімдері борышкерлерді бүкіл елдің аумағынан іздейді.

Борышкер азаматтық-құқықтық қатынастар ісі бойынша жауапты болғандықтан, оларды іздеу қылмыскерлерді іздестіру жолынан өзгеше. Яғни, полицейлер арнайы жедел шараларын өткізіп, борышкерлерді ұстай алмайды. Тек сот орындаушыға келуге міндеттейді.

Тағы оқыңыз: Қазақстанда алиментті баланың ата-әжесі төлеуі мүмкін

Осыған байланысты ішкі істер министрлігі балаларына алимент төлеуден жалтарған әкелерді бес тәулікке қамауға алуды ұсынып отыр.

"Әкімшілік кодекске жауапкершілік пен азаматтарды ұстау мүмкіндігін енгізу қажет. Сот шешімін орындамағаны үшін жауапкершілікті, мәселен, бес тәулікке енгізуге болады. Осы уақыт ішінде сот орындаушылары борышкермен қажетті шектеу шараларын жүргізер еді. Ол адам да, бәлкім, іс-әрекетінің заңға қайшы екенін түсініп, бір шешімге келер", - деді Қожаев.