НҰР-СҰЛТАН, 23 желтоқсан – Sputnik. Мәжілістегі үкімет сағатында әділет министрі Марат Бекетаев Павлодар облысында алимент өндіру кезінде сот орындаушылары тап болған қызықты оқиға туралы айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Министрдің айтуынша, сот орындаушы Павлодар облысында алименттен қашып жүрген борышкер әкенің автокөлігін тоқтатқан. Сөйтсе, рөлде арызданған әйелдің өзі отыр екен. Бұрынғы күйеуінің көлігін өзі мініп жүрген болып шықты.
"Сот орындаушы табандылық танытып, көлікті айыппұл тұрағына қойды. Аукцион арқылы сатпақшы болғанда, жаңағы әйел "көлікті алименттің орнына өзіме алуға дайынмын" деді", - дейді Бекетаев мәжілістегі үкімет сағатында.
Ведомство басшысы министрлік алименттерді өндіру бойынша әкімдіктермен меморандум бекіткенін атап өтті. Құжатта борышкерді жұмысқа орналастыру, сондай-ақ алименттен қашқан әке мен оның мүлкін, әсіресе автокөліктерді іздестіру бойынша ішкі істер министрлігімен белсенді өзара іс-қимыл жасау көзделген.
"Әкімдіктермен, жергілікті атқарушы органдармен өзара әрекет өз жемісін беріп отыр. Проблемалық алименттер 25 мыңнан 14 мыңға дейін азайды", - деді ол.
Тағы оқыңыз: Министр алимент төлеуге арналған қорға ақша қайдан түсетінін айтты