Қоғам

Қазақстанда алиментті баланың ата-әжесі төлеуі мүмкін

Қазақстан алимент өндіру бойынша Италияның тәжірибесін зерттеп жатыр, бұл бастама жалпыұлттық талқылауға шығарылады
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 23 желтоқсан – Sputnik. Борышкер әке алименттен қашса, сот орындаушылар қарызды ер адамның ата-анасынан өндіріп алуы мүмкін. Әділет министрі Марат Бекетаев Италияның тәжірибесін Қазақстанда енгізуді қолдайтынын айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

"Шетелдік тәжірибені зерттеу кезінде Италияның өте бір қызықты тәжірибесіне тап болдық. Борышкер, яғни, бұрынғы күйеуі алимент төлемесе, Италияның заңы бойынша ол қарызды борышкердің ата-анасына төлетуге болады. Яғни, судья "ата-ана осындай жетесіз бала тәрбиелесе, онда оның қарызын төлеуге міндетті" деген шешім шығарады. Оның үстіне, ол бөтен бала емес, ол немере. Ал, ата-әже немерелерін қамтамасыз етуі керек", - деді Бекетаев мәжілістегі үкімет сағатында.

Министр бұл ұсыныс Қазақстан үшін тың екенін, сондықтан жан-жақты талқылауды қажет ететінін атап өтті.

"Бұл тәжірибені қазір жалпыұлттық талқылауға шығаруды жоспарлап отырмыз. Әрине, борышкер өз қарызын өзі төлеуі керек, ата-әжесіне төлету дұрыс емес деген пікірлер де бар. Бірақ, қызық тәжірибе, қарап көрейік", - деді ол.

Бекетаев бұл норманы заң жобасына енгізу оң нәтиже береді деп санайды.

"Егер ата-анасы зейнеткер болса, олардың мүлкі, яғни, пәтері, көлігі бар. Немерелері мектепке киетін киім таба алмай отырғанда, ата-әженің мүлкін пайдалануға болады",- деді министр.

Тағы оқыңыз: Бекетаев алимент өндіру кезінде болған қызықты оқиғаны айтып берді