НҰР-СҰЛТАН, 19 желтоқсан – Sputnik. Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев өзінің жаңа қызметіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Енді, біз "министр болуды армандадым, армандамадым" деп айтпаймыз. Қазақ "маңдайға бұйырған" дейді. Сөйтіп, келіп отырмыз. Қазіргі кезде энергетика министрлігі Елбасы мен мемлекет басшысының қойған тапсырмаларын орындап келеді. Сондықтан мен бүгін келіп алып, барлығын ауыстырамын деп айтпаймын. Барлық азаматтар білімі мен біліктілігіне қарай өз орындарында жұмыс істеп жатыр", - деді Ноғаев журналистерге берген сұхбатында.
Осыдан кейін журналистер 2016 жылғы жер мәселесіне қатысты митингілерді еске алды. Сол кезде Ноғаев әкім ретінде митингке шыққан белсенділерге қатысты қылмыстық қудалау болмайды деген еді. Бірақ артынан оларды қамауға алды.
"Мен Макс Боқаев пен Талғат Аянға берген сөзімде тұрдым. Жер мәселесіне қатысты өткен митинг материалдары бойынша қылмыстық қудалау болмайды дедім. Солай болды. Оларды басқа бап бойынша жауапқа тартты. Сондықтан 2016 жылы сәуір айындағы митингте берген сөзімде тұрдым деп ойлаймын. Себебі митингтің нәтижесі бойынша ешкім қудалауға ұшыраған жоқ", - дейді Ноғаев.
Сондай-ақ, министр бос тұрған вице-министрдің бір орнына лайықты адамды тағайындайтынын айтты. Сондай-ақ, орынбасарлары жемқорлық үшін сотталса, отставкаға кетуге дайын екенін де жеткізді.
"Бұл – заңның талабы. Мені қызметке тағайындағасын осы талапты қабылдауға міндеттімін", - деп қысқа ғана қайырды Ноғаев.
Тағы оқыңыз: Тоқаев Мәдина Әбілқасымованы жаңа қызметке тағайындады
Жаңадан тағайындалған министр кабинетіне әлі бармағанын жеткізді. Ал креслоны ауыстыруға қатысты сұраққа: "Жоқ, креслоны ауыстырмаймын. Ондай әдет жоқ. Министр қызметіне тағайындайтынын күткен жоқпын. Өзім түнде ұшып келдім", - деді Ноғаев.