Қоғам

Әлемдегі ең биік ғимаратты Қазақстан туының түсіне бояу кімнің бастамасы?

16 желтоқсанда Дубай әмірлігі қазақстандықтарды Тәуелсіздіктің 28 жылдығымен ерекше құттықтаған болатын
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 18 желтоқсан – Sputnik. Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров Дубай қаласының Қазақстанды Тәуелсіздік күнімен ерекше құттықтауына қатысты түсініктеме берді, деп хабарлады Sputnik Қазақстан тілшісі.

Сыртқы істер министрлігінде өткен брифинг барысында ресми өкіл бұл шараға Қазақстан қаржы бөлмегенін атап өтті.

"Кеше әлемдегі ең биік ғимарат – "Бурдж Халифаның" қасбетін Қазақстанның туымен безендіру үшін арнайы қаржы бөлінді деген ақпарат тарады. Шын мәнінде, бұл бастама Дубай әмірлігіне тиесілі, тегін шара. Ешқандай қаржы көзделмеген", - деді Айбек Смадияров.

Оның айтуынша, мұндай тәжірибе осыған дейін де болған.

"Қазақстанға дейін Өзбекстан, Түрікменстан, Ресей, Беларусь және басқа да елдердің тулары болды. Айта кететін жайт, тура сол күні "Бурдж Халифаның" қасбетінде Бахрейннің де туы бейнеленді", - дейді ресми өкіл.

Айта кетейік, 16 желтоқсанда Біріккен Араб Әмірліктерінің Дубай қаласындағы әлемдегі ең биік ғимарат (828 метр) – "Бурдж Халифаның" қасбеті Қазақстанның туымен безендірілді.

"16 желтоқсан күні әлемдегі ең биік ғимарат – Дубай қаласындағы "Бурдж Халифа" Қазақстан туының түсіне боялды. Әмірліктің осы бастамасы өзара түсіністік, құрмет және сенім рухында дамып келе жатқан екіжақты қарым-қатынастардың жоғары деңгейін тағы да дәлелдейді", - делінген сыртқы істер министрлігі таратқан хабарламада.