НҰР-СҰЛТАН, 18 желтоқсан – Sputnik. Бас шыршаның шамдарын жағу салтанаты 20 желтоқсанға ауыстырылды, деп хабарлады елорда әкімдігінің баспасөз қызметі.
Бұған дейін әкімдік салтанатты шара ЭКСПО іскерлік орталығының аумағында 18 желтоқсан күні өтеді деп мәлімдеген болатын.
Әкімдіктің ақпаратынша, Қазақстанның бас шыршасы 20 желтоқсанда сағат 18:00-де жағылады.
"Салтанатты рәсім қазақстандық әртістер қатысатын концерттік бағдарламамен сүйемелденеді", - делінген хабарламада.
Сонымен қатар, елорда тұрғындары мен қонақтары үшін мұз төбешігінде қысқы ойын-сауық ойындары ұйымдастырылады. Мерекелік бағдарлама елорданың халық көп келетін көрікті жері – "Нұр Әлем" сферасының маңайында өтеді.
Тағы оқыңыз: Тышқан жылы: 2020 жыл қандай болады?
Бұдан бөлек, кешен аумағында дәмхана мен мейрамханалар, тұрғындарға ыңғайлы болу үшін 3000 орындық жерасты автотұрағы жұмыс істейді.
Бас шыршаның маңында өтетін шаралар
21-29 желтоқсан аралығында Нұр Әлемде "Құпия алып күш" атты жаңажылдық шоу өтеді. Қызықты көрініс шара қонақтарын әйгілі фильмдер мен комикстердегі сүйікті "супер" кейіпкерлермен таныстырады.
"Нұр Әлем" сферасына кіру 6 жасқа дейінгі балалар үшін тегін, ал оқушылар үшін 500 теңге.