Министр Бекболат Тілеуханды алаңдатқан мәселеге жауап берді

Жұмағалиевтің сөзінше, "Бәйтерек" кешенінен ұшырылатын "Союз-5" зымыран тасығышында гептил болмайды. Оның орнына оттегі мен керосин пайдаланылады
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 18 желтоқсан – Sputnik. "Байқоңыр" ғарыш айлағында құрылатын "Бәйтерек" кешенінен ұшырылатын "Союз-5" зымырандары экологиялық жағынан таза отынды пайдаланады. Бұл туралы бүгін цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі минстрі Асқар Жұмағалиев мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Бүгін мәжілістің жалпы отырысында Қазақстан үкіметі мен Ресей үкіметі арасындағы "Байқоңыр" ғарыш айлағында "Бәйтерек" ғарыш зымыран кешенін құру туралы заң жобасы қаралды.

Тағы оқыңыз: "Бәйтерекке" Назарбаевтың есімі қашан беріледі?

Депутат Бекболат Тілеухан "Бәйтерек" кешенінен ұшырылатын зымырандардың экологиялық қауіпсіздігі мәселесін көтерді. Ол хаттаманың 1-бабында "Бәйтерек" кешені экологиялық қауіпсіздік деңгейі жоғары зымыран тасығыштарды ұшыруға арналғаны жазылғанын атап өтті.

"Зымырандарды ұшыру қоғамда қоршаған ортаға және халықтың денсаулығына әсер етуіне қатысты үлкен алаңдаушылық туғызып отыр. Кезінде "Протондардың" құлағанын білеміз. Осыған байланысты мен мынаны анықтап алғым келеді: "Бәйтерек" кешенінен ұшыру үшін қандай зымыран тасығыштар қолданылады? Бүгін пайдаланылып отырған, қоршаған ортаға зиянды әсер ететін баяғы "Протоннан" қандай айырмашылығы бар?", - деп сұрады ол.

Министр депутаттың "Байқоңырдан" ұшырылған "Протон" зымыран тасығышы экологияға зиян келтіреді деген уәжімен келісті.

"Өйткені, бұл зымыран тасығыш гептил отынын пайдаланады. Ал "Союз-5" гептил отынын пайдаланбайды, оның орнына оттегі мен керосин отыны қолданылады. Ол экологияға зиян тигізбейді. Экология жағынан ешқандай мәселе болмайды", - деп сендірді Жұмағалиев.

Ведомство басшысы "Союз-5" зымыран тасығышы коммерциялық жағынан да "Протонмен" салыстырғанда әлдеқайда артық екенін атап өтті.