"Проблема көп": Асанәлі Әшімов өзін қандай мәселе мазалайтынын айтты

Қазақстан театрлары қауымдастығының президенті, танымал актер, режиссер Асанәлі Әшімов бүгінгі театр мен кино өнеріне қатысты ойымен бөлісті
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 18 желтоқсан – Sputnik. Елордада жыл сайынғы "Сахнагер-2019" ұлттық театр сыйлығы табысталды. Салтанатты шара кезінде Sputnik Қазақстан тілшісіне сұхбат берген Қазақстан театрлары қауымдастығының президенті, танымал актер, режиссер Асанәлі Әшімов бүгінгі театр мен кино өнеріне қатысты ойымен бөлісті. Бүгінгі жас актерлердің негізгі кемшілігін де атады.

"Кейіпкер жасау оңай емес"

Асанәлі Әшімовтың ойынша, актер рөлді ойнағаннан бұрын кейіпкерді жасай білуі керек. Онсыз актер да, оның кейіпкері де тарихта қалмайды. Қазіргі жастар соған тырысуы қажет.

"Әрине, жастарға шеберлік жетіспейді. Актерлық мектеп деген бар, сосын рөл деген бар. Рөлді ойнап, сөзді айта беруге болады. Ал кейіпкер жасау өте қиын. Сол кейіпкер жасау жағы бұларда кемшін. Кейіпкер жасаған актердің өзі де, кейіпкері де тарихта қалады. Тілге, сөзге, тарихқа ілігеді", - дейді Әшімов.

Оның айтуынша, бұрын кейіпкер жасаған актерлар көп болды. Олардың шеберлігі тарихта қалды. Бүгінде ондай актерлар кемде-кем.

"Мен енді өзім біраз жасқа келгеннен кейін сыншымын ғой. Бүгінде менің ойымнан шығатыны кемде-кем, жоқ деуге болады. Енді, жастардың ішінде келешегінен үміт күттіретіндер бар. Менің студенттерім бар. Жас театр құрдық. Соның ішінде бірен-сараң актер бар. Енді, алдағы тағдыр қалай болатынын білмейміз ғой. Оларға жамбасқа келетін рөл керек. Оған дұрыс режиссер кездесуі керек. Проблема көп қой", - деп атап көрсетті Әшімов.

"Ах!" дейтін актер жоқ

Театр тарланы кино саласында да кейіпкер жасау проблемасының бар екенін айтып отыр. Себебі театр мен киноны бөлек қарастыруға болмайды.

"Кино саласына да айтарым сол, кино мен театр туысқан ғой. Актер да сол актер, онда да кейіпкер жасау жағы кемшін. Мысалы, өзің "Ах!" дейтін қандай актерді білесің? Ондай актер жоқ", - дейді Әшімов.

"Проблема көп": Асанәлі Әшімов өзін қандай мәселе мазалайтынын айтты

Асанәлі Әшімов кинодағы өз рөліне де тоқталды. Бүгінде ол фильмдерге көп түсе бермейді. Бірақ өзіне лайықты рөл болса, өз шеберлігін көрсетуге әлі де бар.

"Енді, қазір жас келді. Бізге лайықты рөлдер кемде-кем. Ойнағасын, үлкен рөлдерді ойнау керек, былай "кіріп шығатын" рөлдерге бармаймыз. Жақында "Әруақ" деген бір фильмді бітірдім. Ол баяғы "Транссібір экспресі" мен "Сіз кімсіз, Ка мырза?"-ның жалғасы сияқты. Сондай рөлдерге барамыз. Ол - өзімнің рөлім", - деді Әшімов.

Оның айтуынша, театрлар арасында бәсеке бар. Бұл – өнерді шыңдаудың басты қозғаушы күші. Дегенмен, нарық заманы да кері әсерін тигізбей қоймайды.

Тағы оқыңыз: Нүсіпжанов, Болманов, Әшімов: жас айырмашылығы бар жұлдызды жұптар – фото

"Негізі, бүгінде театрлар бірінен-бірі озып түсуге тырысады ғой. Ол – заңды нәрсе. Әр уақытта озу керек, бір орында тұрып қалмау қажет. Театр тірі организм сияқты. Ол ылғи өсу үстінде болады. Енді, нарық заманы бәріне зиян тигізеді ғой. Ол заңды. Сондықтан заман тыныш болсын. Барлығын жасайтындай мүмкіндік болсын. Солай бола берсін!", - деген ойымен бөлісті Әшімов.