ЕАЭО басшылары маңызды құжатқа қол қоюы мүмкін

Одаққа мүше елдердің басшылары алдағы интеграция жөніндегі бірқатар маңызды мәселені талқылайтын болады
Sputnik

АЛМАТЫ, 16 желтоқсан — Sputnik. Еуразиялық экономикалық одақтың 2025 жылға дейінгі даму стратегиясы 20 желтоқсан Санкт-Петербург қаласында өтетін жиында мемлекет басшыларына ұсынылады. Бұл туралы Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының мүшесі Александр Субботин айтты.

Құжат Жоғары еуразиялық экономикалық кеңес отырысында таныстырылады. 

"Қазіргі уақытта 2025 жылға дейінгі одақты дамыту стратегиясы әзірленіп жатыр. Мемлекеттік сатып алудың қолжетімділігінен бастап өнеркәсіп, агроөнеркәсіп кешені, кеден және азық-түлік бағыттарына дейін қамтуға тырыстық. Құжат одақтың алдағы уақытта қандай форматта дамитынын көрсетеді. Бұл құжат президенттер деңгейінде қабылданады деп ойлаймын", - деді "Россия сегодня" халықаралық ақпарат агенттігінің мультимедиялық баспасөз орталығында өткен жиында Александр Субботин.

Сондай-ақ, ол 19 желтоқсан күні одаққа мүше елдердің вице-премьерлерінің қатысуымен Еуразиялық экономикалық комиссия отырысы өтетінін атап өтті. Күн тәртібіне 60 мәселе шығарылады. Отырыс қорытындысы бойынша президенттер талқылайтын нақты күн тәртібі бекітіледі.