Қоғам

Бибігүл Төлегенова 90 жасқа толды: "Әдемі қартайып келемін"

Бибігүл Төлегенованың балалық шағы болған жоқ. 1937 жылы 7 жасында әкесін халық жауы деп ұстап әкетті. Балалық шағы сол кезде аяқталды. Оның қуыршағы болмады, ойыншықты білмей өсті
Sputnik

АЛМАТЫ, 16 желтоқсан – Sputnik, Айгерім Таубай. Бүгін, 16 желтоқсанда қазақ ән өнерінің бұлбұлы, КСРО және Қазақстанның халық әртісі Бибігүл Төлегенова 90 жасқа толды. Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні қарсаңында Бибігүл Ахметқызы президент жарлығымен І дәрежелі "Барыс" орденімен марапатталды. Sputnik тілшісі халық әншісімен балалық шағы, шәкірттері, бүгінгі қызметі жайында әңгімелесіп қайтты.

Қара жұмысшыларға концерт берді

"Мен көп еңбек еттім, – деп бастады әңгімесін қазақтың бұлбұлы. – Шахтадағы қызметкерлердің жарты сағат үзілісінде ол кісілерге концерт бердім. Бұл өзім сол ортаның қандай екенін білгеннен туған ой еді".

Халық әртісі бала күнінде Күләш, Шара, Жамал Омарова сынды әртістер келгенде соларды көруге құштар болыпты.

"Пимамның ішіне зат салып, бойымды өсіріп, әнге, өнерге шөлдеген көпшіліктің ішіне кіріп, ән тыңдағанға құмар едім. Бірде залға кіресің, бірде сыймай қаласың. Ол кезде баламын, кісі толған залда сахнаны көруге бойым жетпейді. Кейде клубтан шығарып та жіберетін. Қарапайым халықтың арасынан шыққан соң, сол кісілердің ортасында жүргім келді", - дейді ол.

Бибігүл Төлегенова саналы ғұмырында ашаршылықты, ел басына қиын күн туған соғысты, нәубетті жылдарды да көрген. Бар халық бейбітшілік үшін еңбек еткен тұста сол ортада жүріп, жас та болса өз үлесін қосқанын айтады.

Жеті жасынан бастап кір де, үй де жуды, қара жұмысшы болды, жер де қазды. 18 жасында 7-сыныпты бітіріп, Алматыға келді. Құрманғазы атындағы халық аспаптары консерваториясының дайындық курсына алды. Содан 25 жыл театрда жұмыс істеді, 25 жыл консерваторияда шәкірт тәрбиеледі.

Қазақтың бұлбұлы Бибігүл Төлегенова туралы не білеміз? 

"Ашаршылықты, Отан соғысын көрдік. Қиын қыстау күнде еңбек еттік, қара жұмыс істедік. Содан жаман болмадық. 60 жылдан аса сахнада жүрмін. Соның басым бөлігінде ауыл араладым. Шахтерлар, егіншілер, малшылар, қара жұмысшыларға концерт бердім. Халықтың ортасында жүргенімнің арқасында осы дәрежеге жеттім", - деп еске алды халық әртісі.

Шәкірттері жиналып, туған күнін атап өткелі жатыр

Бибігүл Төлегенованың  шәкірттерінің барлығы әлі күнге дейін өнер жолында, ән айтады.

"Қызылордада Қарагөз Дәулетова, Самал Байсейіт деген екі қызым бар. Бірі – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, екіншісі өз қаламның мәдениетін көтеремін деп Қызылордаға кетті, қазір филормонияда жұмыс істейді. Атырауда Маржан Төреханова деген шәкіртім бар. Қазір бес баланың анасы. Колледжде сабақ беріп, оркестрмен концерттерде жүр. Менің 90 жылдығыма орайластырып Атырауда үлкен концерт беріпті", - деп әншінің көңілі марқайды.

Одан бөлек 16 желтоқсанда Нұрсұлтан қаласында шәкірттері жиналып, туған күнін атап өтпекші.

"Оның ішінде ерекше шәкіртім Толқын Забирова да бар", - деп атап өтті Бибігүл Төлегенова.

"Сіздің қолыңызға осы сағат жарасады"  

Халық әртісі 3 желтоқсанда Нұр-Сұлтан қаласында Астана опера және балет театрында концерт өткізді, ал 22 желтоқсанда алматылық ән сүйер қауымды жинамақ.

"Осы сапарымда Елбасымен кездестім. Ол кісі өзінің дана ойлары жазылған кітаптары мен "сіздің қолыңызға осы сағат жарасады" деп бриллиант сағат сыйлады. Ал жаңа президентіміз "Барыс" орденімен марапаттап жатыр. Өзімді бақытты адам санаймын", - деді әнші.

"Әдемі қартайып келе жатырмын"

Биыл Бибігүл Төлегенова атындағы халықаралық вокалистер конкурсы 10-рет өтіп, мерейтойын тойлады. Екі жылда бір өтетін байқауға алыс-жақын шет елден опера әншілері қатысады.

"Адам баласы өсу керек, әдемі өмір сүру керек, әдемі қартаю керек. Мен осы девизбен өмір сүретін адаммын. Арасында спортпен шұғылданамын. Қалғанының бәрі табиғаттың дарытқаны. Кез келген тамақты жей бермеймін. Маска жасап әуреге салынбаймын. Жасыма лайық әдемі қартайып келе жатырмын", - дейді ол.  

Қазақ ән өнері бұлбұлының қазіргі ең үлкен жұмысы –  екі жылда бір рет өтетін халықаралық конкурс. Биыл әншінің 90 жылдық мерейтойы, конкурс та 10 жылдығын тойлап жатыр.  

Ел үшін, жер үшін еңбек ету керек

Әншінің айтуынша, қазір ата-аналар балаларын өздері өнерге әкеліп, бар жағдайын жасап отыр. Ел үшін еңбек етемін деген адамға бар жағдай жасалған.

"Анама "Майнұр, осы балаңның дауысы жақсы. Оқуға бер" десе, анамыз: "жұмыс істесін, әнді кейін айтады" дейтін. Сол кезде біз түсінбейтінбіз.Ал қазір ата-аналар баласын киіндіріп, сахнаға шығарып, жанында жүреді. Тыныштық болса, басқаның бәрі адамның қолынан келеді. Қазір дені сау адамдар да қайыр сұрап жүреді, ондайды көрсем, қатты намыстанамын", - деді әнші.   

Оның пікірінше, он екі мүшесі сау адам тамақ үшін ғана емес, ел үшін, жер үшін еңбек етуі керек. Ал ел мен жерге төгілген тер, еңбек жерде қалмайды.

"Үнемі елдің тыныштығын тілеп отырамын. Еліміз аман болсын! Елбасымыз аман болсын! Аспанымыз ашық, тыныштық болсын!", - деп аяқтады сөзін халық әртісі.