Экономика

Әлеуметтік көмек беру кезінде айла-шарғыға барған 15 адамның басы бәлеге қалды

Атаулы әлеуметтік көмекті төлеу өлшемшарты өзгергеннен кейін, көмек алатын отбасылар саны едәуір артқан. 2018 жылы 111 мың отбасы болса, биыл 450 мыңға дейін өсті
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 12 желтоқсан – Sputnik. Атаулы әлеуметтік көмек беруде заң бұзушылықтарға жол берген учаскелік комиссиялардың 194 қызметкері тәртіптік жауапқа тартылды. Үш бөлім басшысы жұмыстан босатылса, тағы он бес адамның үстінен қылмыстық іс қозғалған. Бұл туралы бүгін еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Министрдің айтуынша, атаулы әлеуметтік көмекті төлеу өлшемшарты өзгергеннен кейін, көмек алатын отбасылар саны едәуір өскен. 2018 жылы 111 мың отбасы болса, биыл 450 мыңға дейін артқан.

"Өкінішке қарай, көмекті тағайындау кезінде біршама қателік болды. Құжат қабылдаған мамандардың да жауапкершілігі бар. Олар уақытында тексермеген. Осы салаға қатысты 194 қызметкер тәртіптік жауапқа тартылды. Үш бөлім басшысы жұмыстан босатылды. Тіпті, бір-екі өңірде 15 адамға қатысты қылмыстық іс те қозғалды. Оның екеуіне шешім шықты, 13-і әлі қаралып жатыр", - деді Нұрымбетов сенаттың жалпы отырысында.

Тағы оқыңыз: Министр атаулы әлеуметтік көмек көрсетуге қатысты өзгеріс туралы айтты

Келешекте заңсыздыққа жол бермес үшін, еңбек министрлігі учаскелік комиссиялардың жауапкершілігін күшейтуді жоспарлап отыр. Біріншіден, отбасының мал-мүлкін тексеретін учаскелік комиссиялар үшін қорытынды жасау мерзімі созылады.

Екіншіден, ведомство учаскелік комиссияларға критерий әзірлеп береді. Алайда учаскелік комиссиялардың шешімі соңғы шешім емес. Отбасына атаулы әлеуметтік көмек тағайындау-тағайындамау туралы шешімді жергілікті уәкілетті мемлекетік орган қабылдайды.