Қазақстанда құжат алу құны мемлекеттік баждың құнына тең. Ал мемлекеттік баж жыл сайын өзгеретін ең төменгі есептік көрсеткішке байланысты болады. Sputnik Қазақстан 2020 жылы жеке куәлік, паспорт және жүргізуші куәлігін алу қанша тұратынын есептеп шығарды.
Айта кету керек, мемлекеттік бажды халыққа қызмет көрсету орталықтарында құжаттарды алуға өтініш берген кезде немесе eGov.kz сайтында алдын ала төлеуге болады.
Паспорт пен жеке куәлік алу қанша тұрады
Паспорт алуға мемлекеттік баж салығы – 8 АЕК немесе 21 208 теңге.
Жеке куәлік – 0,2 АЕК немесе 530 теңге.
Жеке куәлікті ауыстыруға уақытылы өтініш бермеген жағдайда айыппұл – 7 АЕК немесе 18 557 теңге.
Әдетте құжаттарды алу мерзімі 15 күнге дейін уақыт алады.
EGov электронды үкіметінің сайты хабарлағандай, қосымша ақы төлеп, құжаттарды жедел алуға болады.
Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары үшін:
- Жеделдіктің бірінші санаты – бір жұмыс күніне дейін – 4 983 теңге;
- Жеделдіктің екінші санаты – үш жұмыс күніне дейін – 2 752 теңге.
Облыс орталықтары үшін:
- Жеделдіктің бірінші санаты – үш жұмыс күніне дейін – 4 983 теңге;
- Жеделдіктің екінші санаты – бес жұмыс күніне дейін – 2 752 теңге.
Облыстардың аудандары мен қалалары үшін:
- Жеделдіктің үшінші санаты – жеті жұмыс күніне дейін – 1 166 теңге.
Туу туралы куәлік алу
Қазақстанда туу туралы куәлік баланы тіркеу кезінде тегін беріледі.
Акт жазбасын өзгерту, толықтыру, түзету және қалпына келтіру кезінде – 0,5 АЕК немесе 1 325 теңге.
еGov мәліметіне сәйкес, баланың туғанын тіркеу қызметін ұсыну мерзімі – екі жұмыс күні, қабылдау күні мемлекеттік қызмет көрсету мерзіміне кірмейді.
Өзгерістер, толықтырулар мен түзетулер енгізу – жеті жұмыс күні.
Қажет болған жағдайда басқа мемлекеттік органдарға сұрау салу – 30 күнтізбелік күннен аспайды.
Қазақстанда жүргізуші куәлігін алу қанша тұрады
Жүргізуші куәлігін алу үшін мемлекеттік баж салығы – 1,25 АЕК немесе 3 314 теңге.
2020 жылғы айлық есептік көрсеткіш және ең төменгі жалақы
- ең төменгі жалақы – 42 500 теңге;
- мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің ең төменгі мөлшері – 16 839 теңге;
- ең төменгі зейнетақы – 38636 теңге;
- айлық есептік көрсеткіш (АЕК) – 2 651 теңге;
- базалық әлеуметтік төлемдердің мөлшерін есептеуде қолданылатын ең төменгі күнкөріс деңгейі – 31 183 теңге.
2020 жылға арналған әлеуметтік саланың шығындары 5 триллион 692 миллиард теңге көлемінде жоспарланған.