НҰР-СҰЛТАН, 10 желтоқсан – Sputnik. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев волонтерлік қызметті еңбек өтіліне қосуды ұсынды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Волонтерлік сағаттарды еңбек өтіліне қосу әдістемесін енгізу маңызды. Әсіресе, бұл осы салада тұрақты істейтіндерге қатысты. Менің ойымша, бұл маңызды мәселе", - деді президент қазақстандық жастармен кездесуінде.
Сонымен қатар, мемлекет басшысы үкіметке волонтер студенттердің шәкіртақысын көбейту мәселесін шешуді тапсырды. Ал коммерциялық бағытта оқитындар үшін әлеуметтік студенттік кредит жүйесін енгізу қажет.
"Бұл кейбір академиялық кредитті волонтерлік сағат есебінен есептеуге құқық береді. Жақсы стимул", - деді Тоқаев.
Бұдан бөлек, президент корпоративті волонтерлікті дамыту қажеттігін атап өтті.
"Ірі компаниялардың қызметкерлері жұмыс аптасының бірнеше сағатын қоғамға өтеусіз көмек көрсетуге арнай алады деген ойдамын. Мемлекеттік аппарат пен ұлттық компаниялар корпоративті волонтерлікті өздерінен бастай алады", - деді ол.
Сонымен қатар, мемлекет басшысы волонтерліктің онлайн платформасын жетілдіруді тапсырды.
Тағы оқыңыз: Қазақстандық волонтерлер енді шетелге жиі шығады
Айта кетсек, бүгін Қасым-Жомарт Тоқаев елордада Жастар жылының жабылуы мен Волонтер жылының ашылуына арналған шараға қатысып, қазақстандық жастармен жүздесті. Жастар президент алдында түрлі тақырыпта сөз сөйлеп, ой-пікірлерін білдірді.
Шара барысында Волонтер жылының логотипі таныстырылды. Алқызыл логотип жүрек пішіндес, бір шетінде латын қарпімен "Біргеміз" деп жазылған. 2020 жыл Қазақстанда Волонтер жылы деп жариялаған еді.