Экономика

Бюджеттен тағы 5 млрд теңге бөлінеді: Тоқаев ақшаның қайда жұмсалатынын айтты

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жастар жылының жабылуы мен волонтер жылының ашылуына қатысты
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 10 желтоқсан – Sputnik. Жас кәсіпкерлікті дамытуға республикалық бюджеттен қосымша 5 миллиард теңге бөлінеді. Бұл туралы президент Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Мемлекет басшысы биыл 5 мың азамат мемлекеттен грант алып, жас кәсіпкер атанғанын атап өтті.

"Алдағы үш жыл ішінде олардың саны 30 мыңға дейін көбейеді. Осыған орай республикалық бюджеттен қосымша 5 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлеміз. Тағы 10 мың жас бизнесмен шағын несиенің арқасында өз өндірісін кеңейтті. Олардың басым көпшілігі аудан және ауыл тұрғындарына арналған", -деді президент жастармен кездесуінде.

Айтуынша, ауылды өркендетуге үлес қосқысы келетін жастарға 6 мыңнан аса жәрдемақы, баспана алу үшін 4 мыңға жуық несие бөлінген.

"Жастар жылында өскелең ұрпақты қолдау үшін көптеген жұмыс атқарылды. Осы маңызды жыл аясындағы жобаларды іске асыру кезінде даңғазалықтан бас тартып, нақты іспен айналыстық. Мемлекеттік органдар бірнеше маңызды бағыт бойынша жұмыс жүргізді. Атап айтқанда, тұрғын үй, жұмыспен қамту, сапалы әрі қолжетімді білім беру ісін қолға алдық", - деді Тоқаев.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елордада Жастар жылының жабылуы мен Волонтер жылының ашылуына арналған шараға қатысты. Жастар президент алдында түрлі тақырыпта сөз сөйлеп, ой-пікірлерін білдірді.

Бюджеттен тағы 5 млрд теңге бөлінеді: Тоқаев ақшаның қайда жұмсалатынын айтты

2018 жылы "Жыл волонтері" атанған Аяжан Құрманова Волонтер жылының логотипін таныстырды. Алқызыл логотип жүрек пішіндес, бір шетінде латын қарпімен "Біргеміз" деп жазылған.

Тоқаев Қазақстан-Ресей жастар ынтымақтастық форумында 2020 жылды Волонтер жылы деп жариялаған еді. Қазір Қазақстанда екі жүзден аса еріктілер ұйымы жұмыс істейді. Еріктілер қозғалысына 50 мыңнан астам адам тартылған.