НҰР-СҰЛТАН, 8 желтоқсан — Sputnik. Димаш Құдайберген Ресейде "Жыл әні" (Песня года) премиясында "Жыл әншісі" аталымында жеңімпаз атанды.
"Қымбатты достар, сіздер екі күн бұрын Ресейдің ұлттық музыкалық "Виктория" сыйлығында екі номинацияны жеңіп алғанымды білесіздер, мен тағы бір қуанышпен бөліскім келеді. Бүгін "Жыл әні" сыйлығында мен "Жыл әншісі" деген тағы бір марапатқа ие болдым. Бүкіл әлемдегі жанкүйерлерге және Ресей халқына рахмет", - деп жазды әнші әлеуметттік желідегі парақшасында.
Ол бұл жеңісін барша қазақстандықтар мен фанаттарына арнайтынын жеткізді.
Марапатты Димашқа Ресейдің халық әртісі, композитор, әнші Валерий Леонтьев табыс етті.
"Мен сенің ғажап дауысыңды жақсы көремін", - деген Леонтьев Димашқа әлемді тезірек бағындыруды тіледі.
Сондай-ақ Димаш Құдайберген "Жыл әні" премиясында "Олимпико" және "Знай" әндерін орындады.
Бұған дейін Димаш Құдайберген Ресейдің "Виктория" ұлттық музыкалық премиясында "Жыл жаңалығы" аталымында жеңіске жетті, ал "Olimpico" әні оған "Классикалық музыкада жылдың әншісі" марапатын алуға мүмкіндік берді.