Өмірбаяндар

"Кінәсін мойындаған" Әуезов: жазушы туралы қызықты деректер

Мұхтар Әуезов – қазақтың ұлы жазушысы, ғұлама ғалым, қоғам қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор. Қазақстан ғылым академиясының академигі, Қазақ КСР еңбек сіңірген ғылым қайраткері
Sputnik

Қазақтың біртуар классик жазушысының өмірбаянын Sputnik Қазақстан дерекқорынан оқыңыз.

Өскен ортасы мен еңбек жолы

Мұхтар Әуезов қазіргі Шығыс Қазақстан облысы Абай ауданындағы Бөрілі деген жерде 1897 жылы 28 қыркүйекте дүниеге келген. Әкесі Омархан мен атасы Әуез екеуі де хат танитын сауатты адам болған. Өз заманында ұлы Абаймен сырлас, ауылдары іргелес, аралас-құралас тіршілік кешкен. Бала Мұхтардың атасы Әуез – Құнанбайдың кіші әйелі Нұрғанымның туған інісі. Абайдың өлеңдерін зор ықыласпен тыңдап, қағаз бетіне түскен тың туындыларымен танысып, пікір алмасатын жақын адамдарының бірі болған. Мұхтардың бала кезінен Абай мұрасына қызығушылығын оятқан да осы атасы еді. Ескіше сауаты бар, араб, парсы, түркі әдебиетімен таныс Әуезді Абай "Әуке аға", "Үлкен қожа" деп атаған. Мұхтар дүние есігін ашқанда,  Абай Әуезовтердің шаңырағына шілдеханаға барған деген де естеліктер бар.

Он бір жасында әкесі Омархан қайтыс болады. Осыдан кейін Мұхтар ауылдан қалаға немере ағасы Қасымбектің тәрбиесіне көшеді. Шаһарда оқу-білім жолындағы біршама ұзақ сапары басталады.

Тағы оқыңыз: Қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлы туралы қызықты деректер

Өз заманында Әуезов білімдар қазақтардың бірі болды. Алдымен, Семейдегі орыс гимназиясында бес жыл, мұғалімдер даярлайтын семинарияда төрт жыл оқиды.

Әуезов Семейде "Алаш жастары" одағын құрып, түрлі үйірмелердің ашылуына ұйытқы болады. 1918 жылы мамырда Омбыда өткен Жалпықазақ жастарының құрылтайына қатысып, оның орталық атқару комитетінің мүшесі болып сайланады. Семейде "Абай" ғылыми-көпшілік журналын, "Қазақ тілі" газетін шығаруға атсалысқан. 1919 жылы семинарияны тәмамдап, қоғамдық-саяси жұмысқа белсене араласады. 1922 жылы күзде Ташкенттегі Орта Азия университетіне оқуға түсіп, "Шолпан" және "Сана" журналдарына жұмысқа орналасады. Жазушының "Қыр суреттері", "Қыр әңгімелері", "Үйлену", "Оқыған азамат", "Кім кінәлі", "Заман еркесі" әңгімелері осы басылымдарда жарық көрген. 1923 жылы маусым айында Ленинград мемлекеттік университетінің тіл-әдебиет бөліміне түседі. 1924-1925 жылдары аралығында Семейдегі мұғалімдер техникумында оқытушы болып істейді. Осы аралықта "Таң" журналын шығарады. 1925 жылы Ленинградқа оралып, оқуын қайта жалғастырады. 1928 жылы Орта Азия мемлекеттік университетінің аспирантурасына қабылданды. Бұдан бөлек Қазақ ағарту институтында сабақ берді. 1934-1961 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетінде ұстаздық қызмет атқарды.

Замандастары Мұхтар Әуезовті елгезек, бауырмал, ізгілікті, сырбаз адам деп сипаттаған.

Мұхтар Әуезовтің шығармашылығы

Қазақтың заңғар жазушысы артына мол әрі бай мұра қалдырды. Елдің оқу-ағарту ісіне, драматургия саласына сіңірген еңбегі ұшан-теңіз.

20 жасында Әуезов өзінің тұңғыш көлемді туындысы "Еңлік-Кебекті" жазды. Шекспирдің Ромео мен Джульетта туралы хикаясымен желілес бұл пьеса күні бүгінге дейін қазақ сахнасынан түспей келеді. "Еңлік-Кебек" ең алғаш 1917 жылы Абайдың әйелі Әйгерімнің ауылында сахнаға қойылса, 1922 жылы Орынборда жеке кітап болып басылып шықты.

Қаламгердің көптеген көркем әңгімесі, тұңғыш пьесалары Семейде жазылып, Семейде сахналанды.

Тағы оқыңыз: Нақақтан-нақақ жала жабылды: Қазақтың бұлбұл әншісі Күләш Байсейітова туралы не білеміз

Әуезовтің қаламынан отыздан аса драмалық шығарма туды. Жеке пьесалардың нұсқаларын қосса, елуден асып жығылады. Мұхтар Әуезов драматургиядағы жанрлық формалардың бәрін қамтыған: трагедия, комедия, драма да бар.

Аса терең, мәнді шығарманың бірі – "Түнгі сарын".Туындыда таптық тартыс адам тағдырлары арқылы бейнеленеді. "Түнгі сарын" – қазақ драматургиясында жағымды кейіпкерлер проблемасын шешкен туынды. "Октябрь үшін", "Тартыс" пьесаларында Әуезов реалистік драма жасаудың түрлі-түрлі құралдарын пайдаланған.

Әуезовтің абақтыға жабылғанға дейінгі шығармашылығына көз жүгіртсек, қаламгердің ұлт-азаттық қозғалыс, әлеуметтік тақырыпқа өте жақын болғанын көреміз. 1928 жылы Әуезов "Хан Кене" драмасын жазып бітірді. Алайда бұл трагедия тек алты жылдан кейін ғана, 1934 жылы театр сахнасында қойылды. Мұнда Кенесарының, Наурызбай батырдың, қазақ, қырғыз билерінің реалистік бейнелері жасалып, тарихи шындық пен көркем шындық табиғи бірлік тапқан. Бұл шығарма қоғамда қызу пікірталас туғызып, оны сахналауға уақытша тыйым салынды. Әуезовтың айтуынша, пьесаны жазбастан бұрын Орынбордан, Омбыдағы Сібір ведомствосынан, қырғыз-қазақ арасынан көп материал жинаған. Оның пікірінше, әрбір тарихи деректі әркім өзінше пайымдауы мүмкін, бірақ өзіндік тарихи тұжырымдамасы жоқ автор тарихи тақырыпқа шығарма жаза алмайды.

Мұхтардың атын көпшілікке әйгілі еткен "Абай" журналы еді. Бас редакторы Жүсіпбек Аймауытов болды. Әуезов, көбінесе, журналист, публицист, ойшыл, философ ретінде көрініп, оның негізгі мақалаларын жазып отырды. Бертін келе "Қазақ тілі", "Шолпан", "Таң", "Сана", "Жас Азамат", "Еңбекші қазақ", "Кедей айнасы", "Жаңа мектеп", "Жас қайрат" және тағы басқа газет-журналдарда саяси, мәдени-ағартушылық, дүниетанымдық бағыттағы келелі ойларын алға тартып отырды. Ұлт-азаттық сарындары да осы кезеңде қалыптаса бастады. Алғашқы жылдары жазылған көркем шығармаларында елдің тұрмыс-тіршілігі, әлеуметтік жағдайы суреттелсе, 20-шы жылдардың ортасына қарай ұлт тағдырына деген алаңдаушылығы шығармаларында жиі көрініс тапты.

"Әдебиет тарихы" зерттеу еңбегін де жазды.

Әлемге әйгілі "Абай жолы" роман-эпопеясы

"Қазақ жазушыларынан, әрине, Абайды сүйемін. Менің бала күнімнен ішкен асым, алған нәрімнің барлығы да Абайдан".

Бұл Абай елінде туып, жастайынан ақынның өсиеттерін құлағына сіңіріп өскен Мұхтар Әуезовтің сөзі.

"Бір жылы жазғытұрым өз әкем Абай кітабы келеді деп, өзімді көп уақыт бір үлкен сыйлық беретіндей дәмелендіріп жүріп, аяғында қар кетіп, ақ шығып келе жатқанда сол кітапты әкелді. Абайдың өлеңдерін жақсы көрдім. Бәрін ұқпасам да, ұйқастың өзі де қызығатындай әсер етеді. Бірақ әкем ылғи жаттатқанда, қайдағы ұзақ қиын сөздерді беретін. Соның ішінде "Ат сынынан бастап", "Алланың өзі де рас, сөзі рас" деген өлең сөздерін жаттағанымды білемін", -деп еске алған еді Әуезов.

"Кінәсін мойындаған" Әуезов: жазушы туралы қызықты деректер

Әуезовтің шығармашылығында "Абай жолы" романының орны бөлек. Әуезов Абайдай ұлт мақтанышын дүниежүзіне танытқан қаламы қарымды қаламгер. Әуезов өзінің роман-эпопеясында қазақ халқын, оның ұлттық дәстүрін барлық қырынан энциклопедиялық деңгейде жан-жақты ашып көрсетті. Әуезовтің "Абай жолы" роман-эпопеясы әлемдік деңгейде "ХX ғасырдағы ең үздік шығармалардың бірі" (Луи Арагон) деген жоғары бағаға ие болды.

Алайда "Абай жолы" оңай жазыла салған шығарма емес. Әуезов кесек туындыны дүниеге әкелу үшін талай мұрағатты ақтарып, қаншама адаммен сырласып, ұйқысыз түндер өткізді. Роман жарық көргеннен кейін де, қайта-қайта қудаланып, сынға ұшырады. Бірақ жазушы еш мойымады.

Әуезовтің "Абай жолы" эпопеясын жазуға 30 жыл уақыты кетті. Он тоғыз жасынан Абай туралы жазуды ойға алып, он жеті жыл үздіксіз ізденіп, он екі жыл ішінде жазып шықты. Әуезов алғашқыда екі кітаптан тұратын "Абай" (1942, 1947), одан кейін мұның жалғасы ретінде "Абай жолы" (бұл да екі кітаптан тұратын, 1952, 1956) романын жазды. Осы төрт томнан тұратын "Абай жолында" қазақ қоғамының алуан түрлі топтары кең қамтылып, сан қырлы тұтас галерея жасалды.

Тағы оқыңыз: Жүсіпбек Аймауытовтың балалары неліктен қорқынышпен өмір сүрді?

Алғашқы екі кітаптан тұратын "Абай" романы үшін жазушыға 1949 жылы КСРО мемлекеттік сыйлығы табысталды. Ал төрт томдық "Абай жолы" роман-эпопеясы басылып шыққаннан кейін, 1959 жылы Лениндік сыйлықтың лауреаты атанды. Кейіннен роман-эпопея бірнеше тілге аударылды.

Әуезовтің "Ашық хаты"

Мұхтар Әуезов Семейге келіп, Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов бастаған алашордашыл азаматтар қатарындағы Міржақып Дулатов, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытов сынды қазақтың дарынды ақын-жазушыларына қосылды. Алашордашыл бағытты ұстанған жастармен етене араласып, Мұхтар ұлтының бағының ашылуын аңсап, туған жұртына деген қамқорлығы арта түсіп, ұлттық бағытқа бет бұрады.

Алайда Алаш қозғалысының көсемдерімен бірге, 1930 жылы 16 қыркүйекте тұтқындалады. Жазушы қуғын-сүргіннің алғашқы легіне ілікті. Іле-шала бірталай заттары мен қағаздары тәркіленді. Ол қағаздар бүгінге дейін табылған жоқ.

Голощекин "Мұхтар алашшыл, оңшыл, сәдуақасовшыл, қазақ ұлтының астыртын ұйымына қатынасып, Қазақстандағы кеңестік науқандар мен шаралардың мазмұнын бұрмалау мақсатын көздеді. Өкімет мекемелері мен жерге қоныстандыру мекемелерін, мәдени-ағарту және оқу орындарын, баспасөзді өздерінің ықпалына қаратып, жаулап алуға ұмтылған. Орта Азия басшыларының қозғалысына жетекшілік жасап, сондай қозғалысты Қазақстанда да ұйымдастыруға әрекеттенген. Кеңес үкіметін құлатуды алдына мақсат етіп қойған" деп, Әуезовті жауапқа тартып, айып тағады.

Екі жыл абақтыда отырған. Одан кейін "идеологиялық айыбын мойындап" жазған "Ашық хаты" үшін жазасы жеңілдеп, шартты түрде тағы үш жылға кесілген. Ол хат баспасөзде жарияланды. Онда Мұхтар өзінің қазақ әдебиетінің тарихы және Абай туралы зерттеулерінен, "Қарагөз", "Еңлік-Кебек", "Хан Кене", "Қилы заман" сияқты шығармаларынан бас тартатынын мәлімдеуге мәжбүр болды. Содан кейін ғана ол түрмеден босатылып, оқытушылық жұмыспен айналысуға рұқсат алды. Еркіндіктің құны осы болды.

"Кейін қазақ және орыс тілдеріндегі мәтіндерді анықтап оқып отырып, онысы батыл адамның әрекеті болғанына айқын көз жеткіздім. Оның жазғанының астарында әжуа, әшкере жатыр және ол байқалып та тұрады. Олар ешқандай да мойындау хаттар емес. Сананың шамырқануы, ішкі қасірет те емес. Бұл озбыр заманға орай туған ойын, ғажап, мағыналы хаттар", - деген еді сұқбаттарының бірінде ұлы Мұрат Әуезов.

1937 жылғы қуғын-сүргіннің екінші легінен Мұхтар Әуезов аман қалды. Алайда жұрт одан сырт айналды. Театр репертуарынан пьесалары алынып тасталды. Өзі жұмыстан қуылды. Сол қиын-қыстау кезеңде жазушы Абайдың бейнесіне ден қойды.

Соғыстан кейін жазушы Қазақ Республикасы ғылым академиясының президиумына кірді. Оның "Абай" романы орыс және чех тілдеріне аударылды. 1947 жылы эпопеяның екінші бөлімі жарық көрді. Осы еңбегі үшін Әуезов Сталин сыйлығын иеленді.

"Бір қарағанда ол танымалдыққа жеткеніне бөркін аспанға атып, қуануы керек болатын деп ойлайсың. Бірақ осы жайт оған, ең әуелі, ендігі жерде қорғаныш болатындай, бұдан былай жаны сая табатындай сезім кешірген сыңайлы. Алайда уақыт көрсетіп бергендей, Сталин сыйлығы оны ұлтшылдық ұраны қайта көтеріліп, қазақ зиялыларының келесі шоғыры тұтқындалған 1952-53 жылдардың зұлматынан мүлде қорғамады", - дейді ұлы Мұрат Әуезов.

Осыдан кейін жазушы жалған құжат жасатып, Мәскеуге ұшып кетуге мәжбүр болған. Мәскеуде екі жылын өткізеді, университетте дәріс оқиды. 1954 жылы Алматыға қайтып оралып, "Абай жолы" роман-эпопеясын түпкілікті аяқтады.

Жазушы 1961 жылы 27 маусымда Мәскеу қаласындағы ауруханада операция кезінде қайтыс болды. Алматы қаласында жерленген.

Мұхтар Әуезовтің отбасы

Мұхтар Әуезов өмірінде төрт рет үйленген. 1917 жылы аттастыру салты бойынша ағайын-туыстың қалауымен 15 жастағы Райханмен отау құрады. 1918 жылы отбасында Мұғалима есімді қыз дүниеге келді, әкесі қызына өмір бойы қамқорлық көрсетіп өткен. Бір жылдан кейін Шоқан есімді ұлдары туады. Алайда ол ерте қайтыс болып кеткен. 1920 жылы Райхан 18 жасқа толғанда, Мұхтар онымен ажырасады. Сүйікті қызын өзімен бірге алып кетеді.

Кейін Мұхтар Абайдың ұлы Тұрағұлмен жақын достасып, оның қызына, яғни Абайдың немересі Кәмилаға үйленеді. Бірақ бұл неке де ұзаққа созылмайды.

Тағы оқыңыз: "Бұл не деген масқара!": Бейімбет Майлин туралы қызықты деректер

1923 жылы Мұхтар Әуезов Ленинградта оқып жүргенде, болашақ жары Валентина Николаевна Кузьминамен (кейін Әуезова) танысады. Екі жас оқу бітірген соң, Ташкентке көшеді. Әуезов қаладағы Ортаазиялық университеттің аспирантурасына түседі. 1929 жылы ерлі-зайыптылардың Лейла есімді қызы, ал 1935 жылы Ернар есімді ұлдары дүние есігін ашады.

1937-38 репрессия жылдарынан кейін Мұхтар Әуезов Фатима Ғабитовамен бас қосады. Фатима Ғабитова Мұхтарға Мұрат есімді ұл сыйлайды.

Мұхтар Әуезовтің балаларының ішінде қазір Мұрат Әуезовтің ғана көзі тірі. Ол бүгінде белгілі мәдениеттанушы-ғалым, қоғам қайраткері.