НҰР-СҰЛТАН, 6 желтоқсан – Sputnik. Қазақстан премьер-министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев атаулы әлеуметтік көмекке құжат тапсыру және алу тетігін түсіндірді. Ол қазақстандықтардан дүрбелеңге салынбауды сұрады.
"Дүрбелең жасаудың қажеті жоқ. Тізімді нақтылап алу керек, содан кейін ХҚКО-да атаулы әлеуметтік көмек төлеудің жаңа тетігін түсіндіреді. Біз жаңа механизм енгізіп жатырмыз. Жәрдемақының үш түрі болады", - деді Бердібек Сапарбаев Қазақстан Республикасы мәслихаттарының құрылғанына 25 жыл толуына арналған республикалық конференцияның кулуарында.
Жәрдемақының бірінші түрі – төрт немесе одан да көп бала тәрбиелеп отырған отбасыларға берілетін мемлекеттік арнайы жәрдемақы. Ол табысына қарамастан кез келген көп балалы отбасыға төленеді.
Екінші түрі – атаулы әлеуметтік көмек (АӘК). Бұл жәрдемақы ең төменгі күнкөріс деңгейіне шаққандағы отбасының жиынтық кірісіне байланысты бұрынғы тетікке сәйкес төленеді.
Үшінші түрі – кепілдендірілген әлеуметтік пакет.
Бұған дейін хабарланғандай, Қазақстанның халыққа қызмет көрсету орталықтарында АӘК алушылардың салдарынан дүрбелең туып, ұзын-сонар кезек пайда болған. Көбісі жәрдемақы алуға құжат тапсыру мерзімі шектеулі деп ойлаған.
Жаңа жыл – 2020: Тоқаев ең төменгі жалақы мен зейнетақы көлемін бекітті
Премьер-министр орынбасарының айтуынша, ешқандай шектеу жоқ. Қаңтардағы мерекелерде халыққа қызмет көрсету орталықтарында дүрбелең тудырмау үшін адамдарға қажетті құжаттар пакетін дайындау туралы алдын ала хабарланады.
Атаулы әлеуметтік көмек алушылардың тізімінде бар-жоқ екеніңізді Еңбек министрлігінің сайтында тексере аласыз.