НҰР-СҰЛТАН, 5 желтоқсан – Sputnik. Үкімет басшысының орынбасары - қаржы министрі Әлихан Смайылов патент негізінде жұмыс істейтін кәсіпкерлер салықтан қалай босатылатынын түсіндірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Оның айтуынша, бүгінде патент сияқты арнайы салық режимімен жұмыс істейтін кәсіпкерлер жыл соңында есеп-қисапты тапсырып, салықты толығымен төлеп тастауға міндетті. Ал президенттің тапсырмасы бойынша осы санаттағы бизнесмендер де үш жылға салықтан босатылуы шарт.
"Мәселен, келесі жылы жаңа патент алу үшін кәсіпкерлер биыл желтоқсан соңында есептерін тапсырып, салықты төлеп қоюы тиіс. Бұл - салық кодексінің тапсырмасы. Мемлекет басшысы оларды да үш жылға салық төлеуден босатуды тапсырған болатын. Осыған байланысты тиісті шешім қабылданды. Олар жылдың соңында есеп-қисапты тапсырғанда, "жеке табыс салығы" деген жерде "0"-ді қояды. Осылайша, биыл олар салық төлемейді", - деді Смайылов сенаттың пленарлық отырысында.
Министрдің сөзіне қарағанда, бүгінде республика бойынша 88 мың кәсіпкер патентпен жұмыс істейді. Олардың жалпы салығы 350 миллион теңгені құрайды.
Тағы оқыңыз: Тоқаевтың тапсырмасы: салықтан кімдер босатылмайтыны белгілі болды
Айта кетейік, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің алғашқы халыққа арнаған жолдауында шағын және микро бизнесті салықтан босатуға тапсырма берген болатын.
"Үкіметке микро және шағын бизнесті үш жылға табыс салығынан босату туралы заң жобасын әзірлеуді тапсырамын", - деді Тоқаев халыққа арнаған жолдауында.
Тиісті нормативтік өзгерістер 2020 жылдан күшіне енуі тиіс. Бұдан бөлек, келесі жылы қаңтар айынан бастап микро және шағын бизнесті тексеруге үш жылға тыйым салынады.