НҰР-СҰЛТАН, 3 желтоқсан – Sputnik. Бүгін таңғы уақытта елорданың бас көшелерінің бірінде жантүршігерлік жол апаты болды. Такси көлігін айдап кеткен мас жігіт екі адамды қағып кетті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Құқық қорғаушыларға көлікті айдап кеткені туралы ақпарат таңғы сағат 06.52-де түскен. "Бизон" дәмханасы жанында белгісіз біреу такси жүргізушісін соққыға жығып, "Лада" маркалы көлігін айдап кеткен. Тура 6 минуттан кейін осы көлік Тәуелсіздік даңғылында жолды өтіп бара жатқан екі адамды қаққан.
"Оқиға орнына жеткен патрульдік полиция 23 жастағы күдіктіні мас күйінде ұстады. Оны уақытша ұстау абақтысына қамады. Жол апаты кезінде 48 жастағы әйел оқиға орнында көз жұмды. 2005 жылы туған жасөспірім сан алуан дене жарақатымен ауруханаға жеткізілді", - дейді полицейлер.
Қазіргі кезде Қылмыстық кодекстің 345-бабы (көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы) және 200-бабы (автомобильдi немесе өзге де көлiк құралын жымқыру мақсатынсыз құқыққа сыйымсыз иеленіп алу) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Қызылордада 8 адамның өмірін қиған жол апаты: жаңа деректер шықты
Айта кетейік, 345-бапта бес жылға дейін бас бостандығынан айыру, ал 200-бапта ірі көлемде айыппұл төлеу, бec жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеу немесе сол мерзiмге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.