Өңірлер

Ұлттық қауіпсіздік комитеті лауазымды шенеуніктерді ұстады

Ұсталған адамдардың қылмыстық әрекетінің салдарынан мемлекетке 320 миллион теңгеден астам шығын келтірілген
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 29 қараша – Sputnik. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері "Маңғыстау облыстық орман шаруашылығы және жануарлар әлемі аумақтық инспекциясының" лауазымды адамдарын ұстады.

Тағы оқыңыз: Браконьерлер шабуылынан тірі қалған қорықшы алғаш рет тілшілерге сұқбат берді 

Шенеуніктер Каспий теңізі айлағында браконьерлік жолмен бекіре тұқымдас балықтарды аулап, уылдырық алған жергілікті тұрғындарға қамқоршылық жасаған.

"Ұсталған адамдардың қылмыстық әрекетінің салдарынан мемлекетке 320 миллион теңгеден астам шығын келтірілді, заңсыз айналымнан 1 100 килограмм бекіре тұқымдас балық пен 17 килограмм қара уылдырық алынды", - деп хабарлады Қазақстанның ҰҚК баспасөз қызметі.

ҰҚК Маңғыстау облысындағы департаменті Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 361-бабы 1-бөлігі ("Лауазымдық өкілеттіліктерін теріс пайдалану"), 335-бабы 3-бөлігі 1, 3, 4, 5-тармақтары ("Балық ресурстарын, басқа да су жануарлары мен өсімдіктерін заңсыз алу") бойынша сотқа дейінгі тергеуді жалғастыруда.