Қоғам

Прокурордың Сириядан қайтарылған 14 қазаққа қандай жаза сұрағаны белгілі болды

Сотталушылардың бірінші рет қылмысқа баруы, жас балаларының болуы, шын жүректен өкінгені сияқты жазаны жеңілдететін жағдайлар ескерілді
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 29 қараша – Sputnik. Елорданың қылмыстық істер бойынша ауданаралық сотында "Жусан" операциясы арқылы Сириядан қайтарылған 14 қазақстандыққа қатысты сот отырысы жалғасуда. Бүгін прокуратура сотталушыларға қандай жаза талап ететінін жариялады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Прокурор Едік Мұраттың айтуынша, сотталушылардың бірінші рет қылмысқа баруы, жас балаларының болуы, шын жүректен өкінгені сияқты жазаны жеңілдететін жағдайлар ескеріліп отыр. Ал діни алауыздық бойынша басқа азаматтардың әрекеттері үшін кек алу мақсатында қару мен оқ-дәріні қолдану қылмыстық жазаны ауырлататын жағдайлар ретінде қарастырылды. Қазақстан азаматтары Қылмыстық кодекстің 174-бабы (әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздыру), 256-бабы (терроризмдi насихаттау немесе терроризм актiсiн жасауға жария түрде шақыру),  257-бабы (террористiк топ құру, оған басшылық ету және оның әрекетіне қатысу) және 313-бабы (қатыгездiк пен күш қолдануға бас ұруды насихаттайтын туындыларды заңсыз тарату) бойынша кінәлі деп танылып отыр.  

"Жолда баламды өлтіріп алдым": Сириядан оралған келіншектің азапты өмірі

Осылайша, прокуратура Нұрлан Қамаловты 17 жылға,  Газинұр Бақытжановты 16 жылға, Руслан Қуановты 13 жылға, Аманжол Жансеңгіров, Ермұхан Айыпқалиев, Тұрлан Әбілқайыров, Думан Сәдуақасов пен Бақтияр Ибраевты 12 жылға, Жандос Әжмәмбетов,  Данабек Төреханов, Данияр Әлтаев пен Дәурен Сәбитұлын 11 жылға, ал Абзал Амангелді мен Алмаз Нарбутинді 10 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Әрбіреуі жәбірленушілердің өтемақы қорына 50 500 теңге аударуы шарт. Прокуратура өкілі сотталушылардың мүлкін тәркілемеуді сұрады.

Қазақстан азаматтары Сирияда немен айналысты?

Тергеу материалдарына сәйкес, айыпталушылардың біреуі – 1992 жылы туған Данияр Әлтаев. 2013 жылы Бішкек арқылы Сирияға барған. Лақап аты – "Әбу Юсуф". Екіншісі – 1992 жылғы Абзал Амангелді. Осыдан төрт жыл бұрын ата-анасымен бірге Сирияға көшіп кеткен. Сол жақта ДАИШ-тың құрамына кіретін "қазақ жамағатына" қосылған. Былтыр Абзал Амангелді ДАИШ-тың құрамынан шығып, қашып кеткен. Оның бес баласы бар.

Ал Тұрлан Әбілқайыров 25 жасында әйелі мен жас баласын алып, алдымен Ресейге, одан кейін Түркияға барған. Сол жақтан Сирияға заңсыз өтіп кеткен. Сөйтіп террористік топтың құрамына қосылды. Оның лақап аты – "Әбу Сейфуллах". Тағы бір сотталушы Жандос Әжмәмбетов Сирияда "Хасан" деген атпен танылған. Жасы – 29-да. 1985 жылы туған Ермұхан Айыпқалиевтың лақап аты – "Исмайл". Ол жарақат алып, мүгедек болып қалған. Айыпқалиев бүгінгі сот отырысына бейнебайланыс арқылы қатысты. Себебі өзі жүре алмайды.

56 жастағы Газинұр Бақытжанов Сирияда екі бірдей лақап атпен танылған. Біреуі – "Әбу Сүлейман", екіншісі – "Бабай". Ол ДАИШ-тың ішкі қауіпсіздік қызметіне кірген және әскер қатарынан қашқан Қазақстан азаматтарын құрықтауға көмектескен. Онымен бірге 1986 жылғы Аманжол Жансеңгіров жүрген. Ол 8 жыл бұрын алдымен Ауғанстанға барған. Ал екі жылдан кейін Сирияға заңсыз өтіп, "қазақ жамағатына" қосылады. Лақап аты – "Абдулфайыз".

35 жастағы Бақтияр Ибраев та алдымен ауған жеріне барған. Бертін келе, Сирияға ауысып, сол жерде әскери тактика мен снайперлік өнерден инструктор болған. Содырлар оны "Әбу әли" деп атаған. Ал 1978 жылғы Нұрлан Қамаловтың бірнеше лақап аты болған. Олар – "Абдулла", "Қожеке" және "Әбу Абдулла". Ол "қазақ жамағаты" құрамында "әмір" қызметін атқарған. 28 жастағы Руслан Қуановты "Аббас" деп атаған. Ол Мысырда діни білім алып жүргенде ДАИШ-тың ықпалына түскен. Сөйтіп, Сирияға кетіп қалған. Сол жақта қазақ жігіттеріне дәріс оқыпты.

Бұдан бөлек, сотталушылардың арасында 1986 жылы туған Алмаз Нарбутин (лақап аты – "Солих медик"), 1988 жылғы Дәурен Сәбитұлы, 1990 жылғы Думан Сәдуақасов және 1987 жылы туған Данабек Төреханов бар. Сотта барлығы өздерінің отбасылары жайында айтып берді. Мәселен, Алмаз Нарбутиннің екі баласы бар. Азаматтық некеге екі рет тұрған. Оның бір әйелі Сирияда жүргенде қайтыс болыпты.

Сот отырысы қашан басталды?

Айта кетейік, 22 қазан күні Нұр-Сұлтанда Сириядан оралған 14 қазақстандыққа қатысты ашық сот тыңдауы басталған болатын. Тергеу мәліметінше, айыпталушылар бұрын ДАИШ содыры болған. Олар "Жусан" арнайы операциясы аясында Қазақстанға оралды. 

Он төрт қазақстандыққа террорлық әрекетке қатысты, терроризмге тартты және насихаттады, сондай-ақ басқа да ауыр қылмыстар жасады деген айыптар тағылды. Олардың біреуі мүгедек болып қалған. Сол себепті процеске видеоконференция арқылы қосылып отырады.

Жалпы ҰҚК мемлекеттік органдармен және шетелдік серіктестерімен бірге Сириядан 595 қазақстандықты қайтарды, олардың 400-ден астамы балалар. Бұған дейін Қазақстанға оралған он ер адам мен бес әйел түрлі мерзімге сотталған болатын. Олар террористік ұйымның қызметіне қатысқаны үшін кінәлі деп танылды.